• 19 апреля, 2024 3:41 пп

Ономастикалық зерттеулердің қазақ халқымен байланысы!

Автор:admin

Авг 12, 2022

Қазақ халқында ат қою ұлттық тарихымен, рухани мәдени өмірмен, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен тығыз байланысты. Ал, ұлттық тарих, әдет-ғұрып, салт-дәстүр деген ұғымдар мәдениетпен байланысты. Мәдениет дегеніміз адамдардың өмірі мен іс-әрекетін ұйымдастыру тәсілінен, сондай-ақ олардың материалдық және рухани байлықты жасауынан көрінетін қоғам мен адамның белгілі тарихи даму дәрежесі. Әр халықтың өзіндік қайталанбас ерекшеліктері, яғни ұлттық, этникалық реңк өзгешеліктері болатындығы белгілі. Ұлттық есімдер ұлттық мәдениет ерекшеліктерін білдіреді, мұндағы бір есімдерде ұлттық-тарихи болмысы айқын көрінсе, ал басқаларында оның қарқыны нашар болады, алайда оны жасаған немесе қолданушы халықтың мәдениетімен байланысы жоқ есімі табыла қоймайды. Ұлттық есімдерде мейлі антропоним, топоним, зоонимдер болсын олардың бойында алуан түрлі тарихи-мәдени ақпарат қалыптасқан. Ю.К.Юркенас : «… антропонимдер өзіндік бір мәдени мәтін ретінде қабылдануы тиіс», — деп тұжырымдайды. Ономастикалық зерттеулер Президентіміз  ұсынған «ұлттық идеяны» қалыптастырудағы құнды фактор болып табылады. Ономастикалық ізденістерді осы тұрғыда жүргізу, когнитивтік, этнолингвистикалық, лингвомәдени зерттеулер – осы күннің талабы. Осымен байланысты «Қазақ ономастикасы. Жетістіктері мен болашағы» атты осы саладағы зерттеу нәтижелерін қорытып, болашағын бағдарлаған Т.Жанұзақов пен Қ.Рысбергенованың еңбегінде антропонимияның әлеуметтанымдық зерттеу нысанын былайша анықтаған:

«1) тіліміздегі антропонимдік жүйенің қалыптасып дамуы мен қызмет аясының жалпы мәселелерін теориялық әрі әдіснамалық тұрғыдан зерттеудің жалпы мәселелері;

2) антропонимдерді тұтас бір жүйе ретінде зерттеу;

3) кісі аттарын әлеуметтік-қоғамдық, тарихи категория ретінде қарастыру;

4) кісі аттарының пайда болу, жойылу заңдылықтарындағы тарихи-әлеуметтік жағдайлардың себеп-салдарын анықтау;

5) кісі аттарының сөйлеу тілі мен жазба тілдегі қызметін, қостілдегі орны мен мәдени қарым-қатынастағы мән-маңызын зерттеу;

6) кісі есімдерінің экспрессивті-эмоционалдық қызметін тексеру (көркем әдебиетте, баспасөзде, күнделікті тұрмыста қолданылу ерекшеліктері);

7) антропонимдер жүйесіндегі халықаралық, ұлттық ерекшеліктерді, олардың өзара байланыс-бірлігін зерттеу;

8) қазақ антропонимдерін байытудағы басқа ұлт антропонимдерінің әлеуметтік мәні;

9) көпұлтты Қазақстан Республикасында қазақ антропонимдерінің қолданылуы мен қызмет аясының әлеуметтік сипаты;

10) антропонимдерді тілдік және тарихи тұрғыдан топтастыру»

Сөз соңында айтарымыз, белгілі бір адамның жеке басына, елдімекенге телінгенмен, онимдердің мағынасы өте кең, онда қазақ халқының бүкіл арман-тілегі, қуанышы мен қайғысы, өмір тарихы т.б. ұлт үшін аса маңызды құндылықтары жатыр. Қоғамдық қатынастарда дыбыстық тұлғасы бірінші орында тұратын болғандықтан, қазіргі жаһанданудың алапат толқынына жұтылудан сақтап қалудың бірден-бір жолы – дұрыс жазу. Есімдер тек туған тілдің дыбыстық заңдарымен сусындап, сол топырақта ғана өркендей алады. Сондықтан, замандар бойы тілімізде қалыптасып, бүгінге жеткен қасиетті құндылығымыз қазақ халқының мәдени мұрасы ретінде қорғалып, қазақша жазылу ережесі белгіленуге тиіс. Оның сыртына шығып, бөтен қосымша жалғауға немесе бөтен дыбыспен былғауға ешкімге құқық берілмеуі керек.

Jsk ақпарат

Автор: admin