• 26 апреля, 2024 6:20 дп

Латын әліпбиіне көшу – елімізді алға жылжытады!

Автор:admin

Окт 12, 2022

«Әліпби ауыстыруды жазу реформасына айналдыру керек» деген тақырыпта баяндама жасаған Қазақ жазуын латын графикасы негізінде жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің айтуынша, бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек. Ол реформа бір ғана әліпби ауыстырумен шектелмейді және аса маңызды үш мәселені қамтиды. Ол үш мәселе – дыбыс, әліпби және емле-ереже. Дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы болса, әліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны әрі оққағары. Емле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері деген баяндамашы осылар бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, үшеуі қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайтыны жайлы ойын ортаға салды. Сонымен қатар әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғышарты және ең төте жолы болып табылады дей келе, егер латын таңбаларын дұрыс таңдап, қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалатынын да ескертті. Сөзінде латын әліпбиін жатырқамай, қабылдайтын уақыттың келгенін, сондықтан кешіктіре беруге болмайтынына екпін түсірді. Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова өзінің «Әліпби категориясы» атты тақырыптағы баяндамасын «Қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру мәселелері» деп жазып жүрген кейбір БАҚ өкілдеріне арнаған ескертпемен бастады. Профессордың айтуынша, сөзді бұлай қолдану мүлде қате, соған сай бірқатар түсінбестіктер туындауда. Сондықтан алдағы кезде: «Қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру» деп жазған дұрыс дегенді назарға салды. Одан кейін қазақ жазуын латын графикасына көшірудегі бірқатар мәселені тілге тиек етіп, тұшымды ойларымен бөлісті. Бұл талқылау әліпби реформасы тағы да халықтың бейқам тіршілігіне кері ықпал етпей ме деген күдік-күмәннің күрмеуін тарқатты. Латын әліпбиіне көшу туралы саясаттанушы Дос Көшім бұл реформамен қатар қазақ тіліндегі қолданыстағы Тілдер туралы заңды өзгерту керек екенін айтып, «келер жылдан бастап орыс мектептеріне жаңа әліпбиді үйретуді бастау керек» десе, ал сясаттанушы Айдос Сарым: «Латын әліпбиіне көшуден әр ізденген адам өзіне қажеттілікті табады. Өз басым, ұлт азаматы ретінде латын әліпбиіне көшуді отарсыздану деп қабылдаймын» деді. Демек, әліпби ауыстыру – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс.

Jsk ақпарат

Автор: admin