• 13 мая, 2024 8:21 пп

ЖЕҢІМПАЗ ОҚУШЫЛАРДЫ ҚОШЕМЕТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

Автор:admin

Фев 26, 2024

 

23-25 ақпан аралығында Астана қаласында Central Asia FIRST Championship ресми чемпионаты өткен еді. Білім сайысында Орта Азия чемпионы атанып, АҚШ-та өтетін Халықаралық конкурсқа жолдама жеңіп алған Robo Park ShymSide командасын жерлестері зор қошеметпен қарсы алды.

Дәстүрлі жарысқа биыл әлемнің 6 елінен үш мыңнан астам оқушы қатысты. Олардың қатарында Гонконг, БАӘ, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркияның мықты командалары бар. Байқау нәтижесі бойынша Шымкент қаласының Robo Park робототехника орталығының ShymSide командасы Орталық Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар, шымкенттік оқушылар ендігі ретте АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін білім сайысында Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге еліміздің намысын қорғайды.

Мектеп оқушылары үш негізгі жас санаты бойынша бақ сынады: FLL Explore (6-10 жас), FLL Challenge (10-16 жас) және FIRST Tech Challenge (12-18 жас). Чемпионатта робототехника сайысынан басқа инновациялық жобалар байқауы мен төрешілер сессиялары қамтылған.

ShymSide командасының жетекшісі Олжас Құрақбай шәкірттерінен халықаралық конкурстан да жақсы нәтиже күтетінін атап өтті. Қазіргі таңда білімпаз оқушылардың талабы қуантады.
Жерлестеріміз сәуір-мамыр айларында өтетін халықаралық конкурсқа тыңғылықты дайындық жүргізбек. Айта кетсек, ендігі бәсекеге шаһардан құрамында 11 адам бар делегация аттанады. Біз жерлестімізге сәттілік тілейміз.

Автор: admin