• 28 апреля, 2024 12:45 пп

Жастар – ұлт үмітін арқа­лаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде елі­міз­дің дамуы үшін жа­уапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялан­уы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Осы орайда Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен, шаһар активінің қолдауымен жыл сайын еркін форматта қала жастарымен тұрақты түрде кездесу өтіп тұрады. Жүздесу барысында қала басшысы жастармен пікір алмасып отырғанына қуанышты екенін айтып, бүгінгі өскелең ұрпақ қандай болу керектігін жеткізді.

  – Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, жігері мен құлшынысын дұрыс арнаға бағыттай білсек, Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналып, әділетті қоғам орнайтыны сөзсіз. Ол үшін бүгінгі жастарымыз Мемлекет басшысы айтқандай, ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Яғни, отаншыл, білімпаз, еңбекқор, әділ әрі жанашыр болуы тиіс. Шымкент – жастардың қаласы. Мемлекет бүгінде өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына, жұмысқа орналасуына, баспанамен қамтылуына және жеке кәсібін бастауға жан-жақты қолдау көрсетуде. Мұның барлығы жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Ең бастысы, оның механизмі жастар үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Жеке және кәсіби тұрғыдан өсу, жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй алу үшін қаламызда қандай мүмкіндіктер бар екенін әркім білуге тиіс, – деді Ғ. Сыздықбеков.

Жастар  – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Бұл сөздің мағынасына үңілсек, «еңбек» деген ұғыммен байланысып жатқанын ұғасыз. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтылмаса керек. Қай саланы алсақ та, мерейін үстем еткен үкілі азаматтар ащы терін сығумен биіктерге жеткен. Мәселен қала басшысы өз сөзінде «Шымкент қаласында жастарды жұмыспен қамтуда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл жастарды жұмыспен қамту шараларына субсидияланатын жұмыс орындары және жастар практикасына 3 554, «Алғашқы жұмыс орындарының жобасына» 1 031 және «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 20 орын бөлінді. Бұл дегеніміз – жұмыссыз болып тіркелген 4500-ден астам жас жұмыспен қамтылады деген сөз. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде жастардың бизнес бастамаларын қолдау аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиемен 273 жас, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 426 жасқа шағын және орта кәсібін ашу үшін мемлекеттік грант (400 АЕК – 1 476 800 теңге) беріледі, – деп, жастарға байланысты атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар барысын тілге тиек етті. Жиынға қаладағы түрлі ұйым мүшелері, оқу орындары студенттері мен белсенді жастар төбе көрсетті. Аталған жиында жастар қала әкімімен өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, ұсыныстарын айтып еркін форматта ой бөлісті.

JSK ақпарат

Сағындық Жанысбаев

Автор: admin