• 5 мая, 2024 8:14 пп

2023 жылғы 19 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан бастаған топ мүшелері қалаға қарасты Сайрам тұрғын алабындағы өзбек драма театрында Сайрам тұрғын алабының көшбасшыларымен кездесті.
Кездесу барысында топ жетекшісі Ғалымжан Махан, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, республикалық тәжік ЭМБ төрағасы Акбаржан Исмаилов, республикалық медиация кеңесінің төрағасы, Астана қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, т.б. Сайрам тұрғын алабы тұрғындарының жалпы көңіл-күйі мен толғандыратын өзекті мәселелерін жеке-жеке тыңдады.
Сайрам тұрғын алабының көшбасшыларымен жиын ашық форматта өтіп, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтауды нығайту бойынша алдағы уақыттарда атқарылатын жұмыстар жөніндегі ұсыныстарын тыңдап, бұл бағыттағы жұмыстарды бірге жандандыру тетіктерін нақтылады.
Айта кету керек, Шымкент қаласында этнос өкілдері тығыз қоныстанған 23 тұрғын алап бар. Олар: Абдулабад, Базарқақпа, Бозарық, Ескі қала, Забадам, Жыланбұзған, Жас дәурен, Исфиджаб, Қатынкөпір, Қызылжар, Қарасу, Қаратөбе, Қарабастау, Мәртөбе, Маятас, Мирас, Оңтүстік, Сайрам, Тоғыс, Тассай, Таскен, Химфарм, Ынтымақ.
Қазіргі кезде Шымкент қаласындағы өзбек этносының саны 189271, ол жалпы тұрғындардың 15,8 % құрайды.
Өзбек этносының өкілдерінің айналысатын негізгі жұмыстары кәсіпкерлік бағыттарда, соның ішінде, дәріханалар, дәмханалар, шаштараздар, дүкендер (азық-түлік, құрылыс заттары) сауда-саттық орындары, техникалық қызмет көрсету мекемелері, мейрамханалар (тойханалар, кафе) т.б. салаларды қамтиды.

Автор: admin