• 21 мая, 2024 7:14 дп

Байлыққа ұмтылу: өз қаражатымызды тиімді басқарудың жолдары қандай?

Автор:admin

Апр 17, 2024

Біз бай болғымыз келеді. Күн сайын дәулетті болудың жолдарын іздеп, түрлі ақпарат көздерін ақтарып, табысты арттырудың сырларын кітаптардан қарап, бизнес-мотиваторлардың тренингтеріне құлағымыз түрік жүретіні шындық. Алайда өз қаражатымызды басқаруға келгенде түрлі сәтсіздіктерге ұшырап, ісіміз кері кетіп жатады. Мұның барлығы қаржылық сауаттылықтың жоқтығынан немесе байлық іргетасының дұрыс қаланбауынан. Есепсіздің есесі кетеді деген сөз осы орайда айтылса керек. Бүгінде несиеге тәуелділік есірткіге тәуелділік сияқты өршіп барады. Әрбір 10 адамның 8-нің басында несие бар. Қарызға бату оңай.  Ұлттық банк деректеріне сәй­кес, қазақстандықтар екінші деңгейлі банк­терге 6 триллион теңге қарыз екен.­ Сонда жан басына шаққанда әр қа­­­зақ­­стандықтың орта есеппен 900 мың тең­геден аса борышы бар. Бұл ойланатын жағдай. Осы орайда қарыз алмай, несиеге батпай, қаржылық сауаттылығымызды арттырып, өз қаражатымызды тиімді басқарудың жолдары бар ма деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Бүгінгі күні жеке қаржыны дұрыс басқармаудың салдарынан біздің мемлекетімізде қаржылық тапшылық көріп жүрген адамдар өте көп. Осындай бай, қуатты мемлекетте кедей адамдар неге басым деген сауал туындайды.  Біздің еліміз қазба байлықтары жағынан өте бай мемлекет. Үлкен мемлекетте аз ғана халық тұрамыз. Біздің жағдайымыз анағұрлым жақсы болу керек. Жеке қаржының айналасында жүрген соңғы 10 жылда осы туралы көп ойландым. Қазақта «өзің білмегенді кісіден сұра» деген жақсы мақал бар. Сол себепті осы мәселе бойынша білетін мамандарға да сұрақтар қойдым. Бұл жерде бірнеше маңызды мәселе бар. Бірінші, ең үлкен маңызды мәселе біз Кеңестер Одағының өніміміз. Бірақ жастар бұл санатқа жатпайды. Біздің әке-шешелеріміз, ата-әжелеріміз 70 жыл бойы Кеңестер Одағының құрамында болды.  Сол себепті кеңестік идеология санамызға сіңіп қалған. Кеңестер одағының ең бірінші бағыты бай адамды жаман етіп көрсету болды. Бұл мәселе бізде әлі күнге дейін қалды. Соңғы 30 жылдан бері осыдан арыла алмай келе жатырмыз. Біз Тәуелсіздік жариялағаннан кейін капиталистік дәуірге өттік. Заңдарды ауыстырдық. Үйлеріміз, көшелеріміз басқаша бола бастады. Шетелге адамдар шыға бастады. Бәрі ауысты, бірақ біздің халқымыздың санасы ауыса қоймады. Бірақ, 30 жылдың ішінде капиталистік заманды дұрыс түсінетін, алға қарай ілгерлеп, жаңашылдықты жақсы көретін бүгінгі күннің адамдары арамызда пайда болды. Олар біздің қоғамымыздың жасаушы күші – бизнесмендер. Бұрынғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанды салыстыра алмаймыз. Біз бүгін қанша жағдайымыз нашар десек те алға қарыштап дамыған мемлекетпіз. Бізде үлкен буын тәуелсіз Қазақстанда туған адамдар өсті. Осының барлығын саралап қараған уақытта ескі сарқыншақтан қалған «байлар жаман» дегенді қоюымыз керек. Қазір азаматтардың жеке қаржы кеңесшісі деген заман талабына сай жаңа мамандық иесі пайда болды. Біз сол жаңадан пайда болған мамандықтың иегерлеріміз. Бізге заң тұрғысынан заңгер, денсаулығымызға байланысты дәрігер  қалай керек болса, жеке қаражатты басқару үшін қаржы кеңесшісі керек. Қаржы кеңесшісі сізге ең басты мәселелерді түсіндіріп, қаржы ілімінің ара-жігін ажыратып, негізгі іргетасын айтып береді.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin