• 19.08.2026 19:33

ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Автор:jsk.kz

Авг 19, 2026

 

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және аумақты абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында аудан әкімінің орынбасары Е. Ерланұлы мәлімдеді.
Бүгінде ауданда 262 526 тұрғын тұрады. Мұнда 17 шағын аудан мен 1 елді мекен, 931 көппәтерлі және 16 663 жеке тұрғын үй орналасқан. Аудан аумағы ауыз сумен, электр энергиясымен және табиғи газбен толық қамтылған.
Ағымдағы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 45 ауланы абаттандыру жоспарланған. Сонымен қатар 36 көшеге жарықшам орнату, 49 көшеде асфальт жабындысын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған 49 көшенің 30-ында асфальт төсеу толық аяқталған. Аулаішілік жолдарды жөндеу бойынша 63 ауладағы ойылған жерлер қалпына келтірілді.
Тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында аяқжолдар мен ирригациялық жүйелерді жаңарту жұмыстары да атқарылуда. Биыл 9 көшеде аяқжол төсеу аяқталып, 11 көшеде ирригациялық арық жүйесі салынды.
Ауданда тұрғын үй қорын жаңғыртуға да басымдық берілуде. 2026 жылы 23 көппәтерлі үй модернизациялау бағдарламасына қамтылып, оның 16-сында жұмыстар толық аяқталды. Сонымен бірге төрт мекенжайда реновация жобасы жүзеге асырылуда.
Ауданның көркін арттыру бағытында да бірқатар жоба іске асқан. Биыл бұрынғы «Кең Баба» және «Қиял әлемі» саябақтарының орнына жаңа форматтағы «Жапон саябағы» мен «City Park» демалыс орындары пайдалануға берілді.
Сондай-ақ санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп, аудан аумағында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 15 сенбілік ұйымдастырылды. Оған 21 мыңға жуық адам қатысып, 200 техника жұмылдырылып, 500 тонна қоқыс шығарылды.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/kHW-_RVB4Zo?si=O4ggJ3rox4OJ5aEC

#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Автор: jsk.kz