Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Абай ауданының әкімі Ш.Сұлтанхан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Бүгінде Абай ауданында 27 елді мекен бар. Мұнда 269,2 мың тұрғынға арналған 55 мыңнан астам жеке үй мен 350 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Аудан ауыз сумен, электр энергиясымен және табиғи газбен 100 пайыз қамтылған. Сонымен бірге Жиделі, Ақжайық және Нұршуақ шағын аудандарындағы жаңақұрылыс аумақтарын газ жүйесіне қосу бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Ауданның жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында да жұмыстар жалғасуда. Жалпы 1274 көшенің 1207-сі асфальтталған. Биыл қалған көшелерді асфальттау жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда 19 көшеде жұмыс басталған. Сонымен қатар аудан аумағындағы көшелерді жарықтандыру деңгейі 100 пайызға жеткізілді. Жарықтандыру бағаналарын жаңартуды қажет ететін 13 көшедегі жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
2026 жылы абаттандыруға, аулаларды жарықтандыруға, аяқжолдар салуға және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, 15 әмбебап алаңша, 2 ашық спорт алаңшасы, 5 гүлзар салынып, 35 көшеге жалпы 44,5 шақырым аяқжол төселді. Сондай-ақ Ақжайық шағын ауданындағы 18 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары жарықтандырылып, Асар шағын ауданындағы 30 көпқабатты үйдің қасбеттеріне архитектуралық жарықтандыру орнатылды.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында да бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 9 ойын алаңы мен 2 гүлзардың құрылысы аяқталған. Қалған нысандарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Аудан аумағын абаттандыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері 31 сенбілік ұйымдастырылып, оған шамамен 50 мың адам қатысты. Бұл бағыттағы жұмыстар апта сайын жалғасуда.
Сонымен қатар ауданның көпқабатты тұрғын үйлерін алдағы жылу маусымына дайындау жұмыстары жүргізілуде. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 162 үйдің 99-ында сығымдау жұмыстары орындалған. Бұдан бөлек, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын жылу маусымына дайындау шаралары да жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/FbbNILOIiLY?si=ONivK-a_yi4jVbsE
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
