• Пн. Дек 5th, 2022

ШЫМКЕНТ: ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ҚОРҒАУ – ОРТАҚ МӘСЕЛЕ

Автор:admin

Окт 9, 2022

Шымкент қаласының Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру шеңберінде «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері» бойынша дөңгелек үстел өтті. Жиынға «Қазақстан әйелдері кеңесінің» Шымкент қалалық филиалы төрайымы Баян Жандосова, «Әйелдер күштері Альянсы» төрайымы, балалар құқығын қорғау уәкілі Жаннета Жазықбаева, «Бақытты жанұя» орталығының басшысы Абибулла Қалымбет, №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Нұржан Асанов, қаладағы 4 аудан әкімдігі жанындағы әйелдер кеңесінің төрайымы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әлеуметтік орталықтардан қызмет алушы қыз-келіншектері қатысты.  Дөңгелек үстел барысында спикерлер отбасында ата-аналардың жауапкершілігі, балалардың зорлық-зомбылыққа тап болмауы, қыз тәрбиесі, ене мен келін ортасындағы кикілжіңдер жөнінде сөз қозғады. Отбасында ер мен әйелдің қарым қатынасы, оның бала психологиясына тікелей әсері ететіні туралы Баян Жандосова тарқатып айтты.

–Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтардың себебі көбіне әлеуметтік мәселелерге тікелей байланысты. Атап айтқанда, жұмыссыздық, жалпы психологиялық тұрақсыздық, отбасындағы материалдық деңгейдің төмендігі, маскүнемдік осы факторлардың барлығы адам құндылығының жоғалуына алып келеді. Отбасындағы жанжалдар балалардың психологиясын кері әсерін тигізбей қоймайды. Екеуара кикілжіңнің өзі бір отбасындағы 4-5 баланың күйзелісіне әкеліп соғады. Десе де, мұндай шиеленістердің шешімі де жоқ емес. Қазір жұмыссыздарды жұмыспен қамту, өз ісін бастауға ниеттенгендер үшін мемлекеттік грант секілді мүмкіндіктер көп болғанымен, әр адамның санасы серпілмейінше мұндай мемлекеттік жобалардың шапағатын көре алмасы анық. Сондықтан біз Шымкент қаласының әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарымен бірлесе тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, өз жобаларымызды ұсынып отырмыз. Байқағанымыздай, соңғы екі жылда көпбалалы аналар мен енді тұрмыс құрған қыз-келіншектер әлеуметтік орталық қызметіне көбірек жүгініп, күрделі мәселелерінің шешімін тауып келеді, — деді Баян Айтбекқызы.  Бүгінде Шымкент қаласында дағдарыс жағдайында тұрған отбасыларға психологиялық, құқықтық көмек көрсететін және бағдар беретін әлеуметтік орталықтардың белсенділігі артқан. Атап айтқанда, «Бақытты жанұя» орталығына жыл басынан бері 28 мыңға жуық отбасы қызмет алыпты. Қазір бір күнде орталықтың қызметіне 750-ге жуық азамат жүгінеді екен.

–Біздің орталық 2021 жылдың қазан айында өз жұмысын бастаған болатын. Алғашында көпбалалы отбасылар қаржылай көмек көрсететін мекеме ретінді қарап, «бізге не бересіздер?» деп келетін. Орталық өз қызметтерін ұсынғанымен материалдық тұрғыда ешқандай көмек көрсетпейтінін, «балық» емес, «қармақ» ұсынатынын жеткіздік. 9 айдың көрсеткіші бойынша 550 ана тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығу курстарын тәмамдап, сертификат алды. Түсіндірме жұмыстары мен бағдар берудің арқасында бұрын атаулы әлеуметтік көмек алатын аналар саны 37 800 болса, қазір 8 жарым мыңға азайып отыр. Барлық тәрбиенің бастауы – отбасы. Біздің мамандар дағдарысқа кезіккен отбасыларға қызмет көрсету үшін түн ортасына дейін жұмыс істеуден жалыққан емес. Осы бағыттағы жұмысымызды әрмен қарай жалғастырамыз. Өйткені, тұрғындардың санасы серпілген сәтте ғана олардың өмірге деген құлшынысы өзгеретінін жұмыс барысында көріп отырмыз, — дейді Абибулла Исламбекұлы.  Басқосуда әр спикер отбасында аналар мен балаларды зорлық-зомбылыққа тап болмауы жөнінде ұсынысын айтып, пікір алмасты. Қатысушылар арасында әлеуметтік орталықтың көмегі арқылы өмірі өзгерген тұрғындар да болды. Олар бастан өткерген оқиғасымен бөлісіп, №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына алғысын жеткізді.

Jsk ақпарат