• 20 мая, 2024 5:47 дп

ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОҚЫТУҒА АРНАЛҒАН «БІРЛІК АЛАҢЫ» АШЫЛДЫ

Автор:admin

Ноя 3, 2022

Шымкент қаласының Достық үйі базасында қазақ тілін үйрететін «Бірлік алаңы» коворкинг орталығы жұмысын бастады. Кеңсе негізгі 4 бағытта қызмет көрсететін болады, соның бірі – этнос өкілдерін қазақ тіліне оқытуға, қазақтың ұлттық тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне баулуға бағытталып отыр. Қазақ тілін, ұлттық құндылықтарын, дәстүрін насихаттау, қазақтың киелі жерлерін таныту арқылы қазақты тануға қызығушылық тудыру – орталық атқаратын негізгі жұмыс болмақ. Орталық мемлекеттік тілдің базалық негіздерін үйрететін болады.  Ниет білдірушілердің барлығына қазақ тілін оқып-үйрену қолжетімді болады. Шымкент қаласында 8 жоғары және 37 орта арнаулы оқу орындарымен меморандум түзіліп, бірінші кезеңде 920 этнос жастарын қазақ тіліне базалық оқыту жоспарлануда. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, тіл білуінің арқасында жетістікке жеткен этнос өкілдері практика жүзінде тіл дағдысын үйренуі үшін пікір алмасатын болады. Жалпы, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту бағытында бірнеше тың жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың қатарында «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын, өнерлі жастарды қолдауға бағытталған «Ұлт үні» байқауын, «Қазақ дастарханы» конкурсын, мемлекеттік тілді меңгерген жастарды насихаттауға бағытталған «Ұлы даланың – Ұлтаралық тілі» іс-шарасын, «Мәміле», «Мен қазақша сөйлеймін», «Мың жүйрік» ағартушылық жобалары бар. Заманауи білім беру технологияларын пайдалана отырып мемлекеттік тілді үйретуге арналған «YouTube» каналында «TILTANYM»  сабағы жүргізілуде, жастар арасында әңгімелесу клубы, сұқбаттар ұйымдастырылып келеді. Әлеуметтік желіде мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейтуге  және мемлекеттік тілдегі сауда орындарының атауларын насихаттауға бағытталған «Тілге құрмет – елге құрмет», қазақ халқының ұлы ақын-жазушылары мен зиялы қауым өкілдерін насихаттауға арналған «Ұлылар ұлағаты» челлендждері жүзеге асырылуда. «Бірлік алаңы» жобасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға осылайша өзіндік үлесін қоспақ. Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қалалық «Достық үйінің» базасында «Бірлік алаңы» коворкинг орталығының ашылу салтанаты өтті.  Салтанатты ашылу этнос жастары арасында өткен дебатпен жалғасын тапты. Биыл Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Президент Республика күні мерекесіне ұлттық мәртебесін қайтаруды  ұсынды. Бұл дата ел аумағында 2009 жылға дейін кең көлемде аталып өтті. Кейіннен енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік мерекелер қатарынан алынған болатын. Енді араға 13 жыл салып, Республика күні мерекесімен  қайта қауышқалы отырмыз. Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын – деді М.Әуезов атындағы ОҚУ жастар орталығы директорының орынбасары Е.Анарханұлы. Мерекелік жиында жаңадан ашылған орталық 4 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізетіні, қоғам тұрақтылығын нығайту мәселесі бойынша халықтық жобалардың ішінде, жастарға арналған стартап жобаларды ұсыну, «Ассамблея жастары» ұйымы шеңберінде жастардың диалог алаңын қалыптастыру, дебаттар, пікір-сайыстар ұйымдастыру, Мемлекеттік тілді үйрету мақсатында түрлі бағыттар бойынша семинар-тренингтерге этнос жастарын белсенді қатыстыру мәселелері талқыланды. Жалпы, Шымкент қаласында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық өкілдігі 2022 жылғы 1 ақпан күні құрылып, оның жетекшісі болып Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік академиясының 2-курс студенті Мейірбеков Нұрболат таңдалды. Ұйым қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік құндылықтары негізінде жастар бастамашылдығын қолдау, оларды мемлекеттік құндылықтар аясына топтастыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі шеңберінде жастарды жұмылдыру және қазақстандық жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту бағытында жұмыстар атқарып келеді. Жыл басынан бері «Ассамблея жастары» РҚБ Шымкент қалалық өкілдігі мүшелерінің қатысуымен 38 іс-шара ұйымдастырылып, белсенді жастар мен ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің  қатысуымен 24 мақсатты кездесу өткізілді. Дебат соңында «Ассамблея жастары» ұйымының жыл соңына дейін өткізетін іс-шаралары мен жобалары таныстырылып, жастар белсендін арттыру маңызы түсіндірілді. Дебатқа қатысушылар Қазақстан жастары Отансүйгіш, өз елінің патриоты болуы тиіс деп алғашқы жиынын қорытындылады.

Jsk ақпарат

Автор: admin