• 12 ноября, 2024 3:45 дп

ШЫМКЕНТТЕ КРЕАТИВТІ ЖОБАЛАР БОЙЫНША ФОРУМ-КӨРМЕ БАСТАЛДЫ

Автор:admin

Сен 27, 2021

ШЫМКЕНТТЕ КРЕАТИВТІ ЖОБАЛАР БОЙЫНША
ФОРУМ-КӨРМЕ БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен және Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен «Shymkent 2200: Туристік креативті қала бейнесі» форум-көрмесі бастау алды. 27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күніне орай екі күнге созылатын форумның алғашқысы «Қазақ ауылынан» басталды.

Шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов: Шымкент – туристік әлеуеті жоғары, 2200 жылдық тарихы бар, еліміздегі өзінің тарихи өзегін сақтап қалған бірегей қала. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында атап өткендей, әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған туризм саласы кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады. «Шымкент 2200: туристік креативті қала бейнесі» іс-шарасы туристік индустрияны дамытудың бәсекеге қабілетті және табысты жобаларын анықтауға және өзара табысты ынтымақтастық орнатуға таптырмас алаң болады деп сенемін», — деген пікірін білдірді.

«Қазақ ауылына» келуші Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарының туристік сала өкілдері шаһардың қолөнершілері мен суретшілерінің туындыларымен танысып, жергілікті ас үй тағамдарынан дәм татып, театрландырылған қойылымдарды тамашалады.

Бұдан бөлек, іс-шараға қатысушылар Цитадель көне қалашығы, Сайрам тұрғын алабындағы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері, Бәйдібек би ескерткіші, «Қазына» этно-кешені, Жайлаукөл саябағы, А. Асқаров атындағы Дендросаябаққа және арбат алаңындағы «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ақпараттық дүңгіршегі сынды біршама нысандарын аралады.

Айта кетейік, шараның екінші күнінде келушілерге арналған форум өтеді. Форум аясында креативті жобалардың конкурсы тәмамдалып, медиа, IT-жоба, креативті архитектура, туризм саласындағы креативті қызметтер, қаланың қолөнер бренді және гастрономия бағыттарында үздік жобалар марапатталатын болады. Жобаларды бағалау үшін Шымкент қаласының бизнес өкілдіктері, туризм саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері қазылық етеді.

Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының баспасөз қызметі

Автор: admin