Бүгінгі таңда отандық медицина қарқынды дамып, емдеудің озық технологияларын өңірлік деңгейде де қолдану үрдісі кең етек жаюда. Соңғы жылдары оңтүстік мегаполис – Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласы, әсіресе онкология бағытында маңызды жетістіктерге қол жеткізіп, күрделі операциялардың жаңа мүмкіндіктерін ашуда. Онкологиялық аурулармен күресте уақтылы диагностика мен озық ота жасау тәсілдері пациенттің өмірін сақтап қалудың басты кепілі болып табылады. Қазіргі таңда Шымкенттегі прорывалық медициналық орталықтар мен көпбейінді ауруханалардың онкологиялық бөлімшелерінде әлемдік тәжірибеде қолданылатын инновациялық әдістер сәтті енгізіліп жатыр . Қатерлі ісікке шалдыққан науқастар енді операциядан кейін тезірек аяққа тұрып, емін уақыт жоғалтпай жалғастыра алады. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы Онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханада заманауи лапароскопиялық операциялар бойынша екі күндік халықаралық шеберлік сабағы өтті.
Оған Мәскеу қаласындағы «Фомина» клиникалар желісінің бас хирургі Александр Жаугашев арнайы қатысып, Шымкенттің дәрігерлерімен бірлесіп асқазан, қуық, жатыр мойны, ішек және ұйқы безі обырына шалдыққан науқастарға күрделі лапароскопиялық операциялар жасады.
Лапароскопиялық әдістің басты ерекшелігі – үлкен тілік жасалмай, бірнеше шағын тесу арқылы ота жүргізіледі. Соның нәтижесінде операциядан кейінгі ауырсыну азайып, науқастың қалпына келу мерзімі қысқарады. Сонымен қатар, химиотерапия секілді кешенді емнің келесі кезеңін уақыт оздырмай бастауға мүмкіндік береді.
Шеберлік сабағы барысында барлық операция онлайн форматта көрсетіліп, еліміздің әр өңіріндегі хирургтер тікелей эфир арқылы тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.
Бұрын тек шетелдік клиникаларда кеңінен қолданылған жоғары технологиялық лапароскопиялық операциялар бүгінде Шымкентте де сәтті орындалуда. Мұндай аз инвазивті әдіс арқылы жасалған операциядан кейін пациенттер екінші күні-ақ өздігінен қозғалып, тамақтанып, қалыпты өміріне біртіндеп орала бастайды.
Мамандардың айтуынша, онкологиялық операциялардың 80–90 пайызын лапароскопиялық әдіспен жасауға мүмкіндік бар. Бұл тәсіл операциядан кейінгі асқынулар қаупін азайтып, науқастардың тез сауығып, кешенді емнің келесі кезеңіне уақыт жоғалтпай көшуіне жағдай жасайды.
Jsk ақпараттық агенттігі
