• 21.08.2026 20:52

ТҮРКІСТАНДА ПЕДАГОГ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Автор:jsk.kz

Авг 21, 2026

 

Бүгін Түркістан қаласында «Жаңа халықтық Конституциясының нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында педагог қызметкерлердің Тамыз кеңесі өтті.

Жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Қалдыкөзұлы Орынов, қалалық білім бөлімі, мектеп директорлары мен педагогтер, құқық қорғау органдарының және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық кәсіподақ мүшелері қатысты.

Тамыз кеңесі барысында өткен оқу жылындағы атқарылған жұмыстар сараланып, білім беру саласының нәтижелері мен алдағы оқу жылына қойылатын міндеттер талқыланды. Сонымен қатар, педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына және білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру бағыттарына басымдық берілді.

Жалпы Түркістан қаласында бүгінде 83 мектеп жұмыс істейді. Оның 38-і мемлекеттік, 43-і жекеменшік және 2-еуі облыстық мектеп. Білім беру ұйымдарында 60 265 оқушы білім алуда. Сонымен қатар қалада 160 балабақша жұмыс істейді. Оның 21-і мемлекеттік, 139-ы жекеменшік. Балабақшаларда 18 210 бала тәрбиеленуде.

2025-2026 оқу жылында 11-сыныпты 3 262 түлек аяқтап, оның 2 673-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. «Алтын белгі» иегерлерінің саны 243 түлекке жетіп, өткен оқу жылымен салыстырғанда 65-ке артты. «Үздік аттестат» иегерлері – 251 түлек. ҰБТ-ның орташа балы – 81,12 құрайды.

Жиын соңында 2025-2026 оқу жылында елеулі нәтижелерге қол жеткізген педагогтерге Оқу-ағарту министрлігінің, облыстық білім басқармасының және Түркістан қаласы әкімі мен облыстық басқарма басшысының марапаттаттары табысталды.

Автор: jsk.kz