• Пн. Дек 5th, 2022

САЛТАНАТ ТҰРСЫНБЕКОВА ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Автор:admin

Ноя 2, 2022

 

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Түркістан қаласындағы «Шапағат» мүмкіндігі шексіз азаматтар қауымдастығының Ғиззат мотивация орталығына барды.

«Бірде-бір азамат оқшауланбауы керек, өзін артық немесе қажетсіз сезінбеуі тиіс. Бұл орталық әлеуметтік ортаға бейімделумен, оңалтумен айналысады. Ең мұқтаж жандарға қамқорлық жасалған жерде ғана басқалар бақытты бола алады. Балаларға ғана емес, ересектерге де, мүмкіндігі шектеулі туыстарына қамқорлық жасайтын адамдарға да көмек көрсету маңызды. Бүгінде жәрдемақы мен зейнетақы отбасылардың ең қарапайым қажеттіліктерін өтей алмайды. Мүгедек баласы бар анаға айына небәрі 52 мың теңге бөлінеді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға инфрақұрылым да ойластырылмаған. Бір мәселе — пандустар. Оның өзінде тек ірі қалаларда. Олардың көпшілігі сыртқы келбет үшін орнатылған, бордюрлердің дәл алдына қойылған. Біз жағдайды өзгертуіміз керек», – деді Салтанат Тұрсынбекова.

Сонымен қатар, кандидат қоғамдастық мүшелерінің барлық арыз-шағымдары мен өтініштерін тыңдап, өзінің сайлауалды бағдарламасына тоқталды. Онда мүгедектерге көмектесу және тұрмысын жақсарту мақсатында ең төменгі жалақы мен күнкөріс деңгейін (зейнетақы, төлемдер мен жәрдемақылар) арттыруды ұсынған.

Бұдан бөлек, 1-2 топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларды күтетін азаматтардың зейнеткерлік жасын қысқарту, қиын өмірлік жағдайдағы отбасылардың қарызын есептен шығару, қолжетімді бағадағы азық-түлік пен тауарлармен әлеуметтік дүкендер желісін құру мәселелері қаралған.

Жиын соңында кандидатқа қоғам мүшелері өз бақшаларында өсіп тұрған раушан гүлін сыйға тартты.