• Пн. Дек 5th, 2022

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1 МЛН. АСА АДАМ ДАУЫС БЕРЕДІ

Автор:admin

Окт 7, 2022

 

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының 7 қазандағы мәліметі бойынша, өңірде 1 млн. 168 мың 477 сайлаушы тіркелген. Сондай-ақ, өңірдегі 17 аудан-қала бойынша 519 сайлау учаскесі бар. Қазіргі таңда олардағы материалдық-техникалық жабдықталуы талапқа сай толық дайын.

Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтің айтуынша, облыс тұрғындары еліміздегі саяси науқандарға белсенді араласып келеді.

«Бұған дейінгі сайлауларда өңір тұрғындарының қатысу көрсеткіші бойынша республикада бірнеше рет көш бастадық. Биылғы Президент сайлауында түркістандық дауыс берушілер белсенділік танытады деп ойлаймыз. Өйткені барлық аудан-қалаларда дауыс берушілердің тізімі жасақталып, сайлау учаскелері сақадай-сай. Енді еліміздегі саяси маңызы зор сайлау күнінде облыс тұрғындарын дауыс беруге шақырамыз», — деді ол.

Айта кетсек, Тәуелсіздік алғалы бері елімізде жалпыхалықтық Президент сайлауы алты рет өткен болатын. Атап айтқанда, 1991, 1999, 2005, 2011, 2015 және 2019 жылдары. Биыл 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 20-қараша кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін мәлімдеді.