• 3 декабря, 2024 5:35 пп

МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚОЛДАУЫМЕН КӘСІП БАСТАДЫ

Автор:admin

Авг 5, 2022

Жұмыспен қамту орталықтары тіркелген жұмыссыз адамға тиісті жұмыс туралы хабарлайды. Жұмыспен қамту орталықтары жоқ ауылдарда азаматтар атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері — ассистенттерге жүгіне алады. Олар тіркелуге, жұмысқа орналасуға көмектесе алады. Сонымен қоса, адамдар көп жиналатын жерлерде мобильді жұмыспен қамту орталықтары енгізілуде.

Жұмыс берушілермен де іс-қимыл тәсілі өзгертілді. Халықты жұмыспен қамту орталықтары компаниялар үшін персоналды іріктеу бойынша мамандандырылған кадрлық қызмет ретінде жұмыс істей бастады. Орталық жұмыс берушілерге барынша сай келетін мамандарды іріктеп береді, осылайша, мамандардың орынсыз ағымын жояды.

Жұмыспен қамту орталықтарында жұмыс орындары (дербес компьютерлер) бөлінген өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында бар, онда жұмыс іздеген азаматтар Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) мемлекеттік интернет-ресурсы арқылы жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерін пайдалана алады: түйіндемелерін жариялап, бос жұмыс орындары жайлы мәліметтерді көре алады. Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында кеңесшілер жұмыс іздеушілерге интернет-порталдың мүмкіндіктері туралы ақпарат беріп, қажет болған жағдайда тіркеуге, жеке кабинет ашуға, түйіндеме жасауға, бос жұмыс орындарын іздеуге, пікірлер мен түйіндемелерді қызығушылығын тудырған бос жұмыс орындарына жіберуге көмектеседі.

Жұмыспен қамту орталықтары мен Электрондық еңбек биржасы арасындағы өзара байланыспен қалалар, аудандар және ауылдардың тұрғындары онлайн режимде қамтамасыз етіледі. Биржа порталы еліміздегі еңбек нарығындағы жағдай туралы ақпараттармен — сұранысқа ие кәсіптер туралы шолулар, жаңа кәсіпорындарда жұмыс орындарының құрылуы және кәсіптер түрлері бойынша еңбекақы мөлшері жайлы мәліметтермен тұрақты толықтырылып отырады.

Шымкент қаласының тұрғыны Лаура Шонықбайдың жасы 27-де. Ол ағымдағы жылдың басында қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз  ретінде тіркеліп, сәуір айында мемлекеттік грантқа үміткер ретінде жастар санатымен (29 жасқа дейін) құжат өткізген. Оның кондитерлік өнімдер дайындау бизнес жоспарын комиссия мақұлдап оң қорытындысын берген. Көп ұзамай тиісті грант қаражаты тағайындалып, оған кәсібін бастауға арналған бірнеше құрал-жабдық сатып алған.

— Мемлекеттің осынау қолдауы — кәсіп бастаймын деген жастарға үлкен мотивация. Қармақ берді, ары қарай алып кету әркімнің өз қолында. Шын ниеті бар адам кез-келген істі алып кетеді. Оған сенімдімін. Қиындықтар болмайды емес, болады. Оны жеңетін бір-ақ нәрсе бар. Ол — еңбек, — дейді Лаура Шонықбай.  2022 жылы Шымкентте  барлығы 1150 азаматқа мемлекеттік грант тағайындау жоспарланған болса, бірінші кезеңде (сәуір айы) 225 азаматқа грант тағайындалған.

Jsk ақпарат

Автор: admin