• 22 февраля, 2024 5:09 дп

Латын әліпбиінің қажеттілігіне біздің көзіміз айқын жетіп отыр.

Автор:admin

Ноя 8, 2022

Әуелі тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік туады. Қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді мүмкіндік туады. Және түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуге жол ашылады. Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшуіміз – дұрыс таңдау. Жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез меңгеріп алады. Мектепте ағылшын тілі оқытылатындықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз. Жаңа латын әліпбиі қолдануға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға бейімделген, қазақ тілінің, сондай-ақ Қазақстанда тұрып жатқан басқа да сан ұлттың тілдік жағдайларын да қамтитын жақсы алфавит болып шықты деп ойлаймын. Биыл латын әліпбиінің жаңа нұсқадағы бірнеше жобасы тілші-ғалымдардың, әдебиетшілердің, жалпы жұртшылықтың талқылауынан өтіп, осы бекітілген нұсқа қабылданып отыр. Бұл әліпбиді жасауда бұрынғы нұсқалар, латын әліпбиіне көшкен туыстас елдердің тәжірибесі ескерілді. Әрине, талас-тартыс та, келіспеушіліктер де аз болмағаны белгілі. Пікірдің әр-алуандығы мұндайда өте қажет. Сол пікірлердің ең бағалысы іске септігін тигізгені анық. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін бекітумен бірге, Қазақстан Республикасының Үкіметіне қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия құруды, қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етуді, бұл жөнінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдауды тапсырды. Осындай келелі істерді ұйымдас­тыруда республикадағы педагогикалық жоғары оқу орындарының көш басында тұрған ғалымдар да тыс қала алмайды. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия тарапынан жаңа әліпбиді енгізудің кезеңдері нақтыланып, әр кезеңнің мақсаттары мен міндеттері белгіленгеннен кейін біз үшін атқарылар жұмыстар да орасан. Ол үшін «Латын әліпбиін оқыту әдістемесі» орталығын ашуды қажет деп санаймын. Әр осы орталықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін латын негізді қазақ әліпбиін оқыту орталықтарын ұйымдастыру керек.

Jsk ақпарат

Автор: admin