• Вт. Авг 9th, 2022

Латын әліпбиіне өтсек, барлық мәселе шешіледі деп арқаны кеңге салуға да болмайды…

Автор:admin

Июн 11, 2022
Spread the love

—    Ел арасында әліпби ауыстыруға бет алған екенбіз, ендеше латынды алғанша, өзімізге тарихи кезеңнен көп таныс, қасиетті құран әліпбиіне жақын Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуына неге көшпейміз деген пікірлер бар. Бұған не дейсіз?

—    Ахмет Байтұрсынов жасаған төте жазу орыс ғалымдары арқылы әлемге танылып, жоғары бағасын алды. Ғалымның әліпби мен жазу санасында ашқан осы ғылыми жаңалығы, жазу заңдылықтарымыздың негізгі тірегі болып, басқа әліпбиге, латынға, одан кириллицаға көшкенімізбен де қазіргі күнде де жазуымызға қызмет етіп келеді. Төте жазуда болмасақ та , әліпби түзу және жазу заңдылығы Ахмет Байтұрсынов ұстанған қағидаларға негізделген. Ал қазіргі қиындықтарымыз да осы Ахмет Байтұрсынов көрсеткен кейбір ұстанымдардан ауытқып, кірме дыбыстарды әліппеге талғаусыз қабылдап, содан соң кірме сөздерді де өзгеріссіз жазып, өзіміздің төл сөздеріміз бен терминдерімізді де ғалым көрсеткен жолмен қарыштата алмауымыздан туындады. Сондықтан Байтұрсынов ұсынған қағидаларға қайта келу керектігін еріксіз мойындағандықтан да әліпби өзгертіп отырмыз. Ертең латыншаға өткен кезде Ахмет Байтұрсынов ұстанған қағидаларды басшылыққа аламыз. Ал неге төте жазу емес, латын әліпбиі дегенге келсек, халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілгін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс болар еді. Егер біз қазір араб әліпбиімен жүрген болсақ, онда латынға көшу туралы әңгіме болмауы мүмкін. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Сондай-ақ графизация (әріп таңбалау) заңдылықтары әріптің дыбысты таңбалау, көру, оқу, жазу талаптарына сай келуін қажет етеді. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер — барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Дегенмен кейбір елдің латын әліпбиінде әртүрлі диакритикалық таңбалардың (нүкте, қос нүкте,сызықша, айшық, дәйекші) көп алынуы да белгілі дәрежеде қиындық келтіреді. Осындай қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр. Ғылыми қауым латын әліпбиіне көшкен түркі халықтарының жағдайына да жеке зерттеу жүргізіп келеді. Осы бағытта арнайы бағдарлама да бар секілді. Латын әліпбиіне көшкен өзбек ағайындарда туындаған бір қиындық — өзбек мектебі латынша  жазса, орыс мектептері бұрынғы кирилл жазуында қалып отыр. Себебі өзбек тіліндегі мектепке латын әріптерін меңгерген мұғалім, латынша шыққан оқулықтар, ал орыс мектебіне басқа кітап, басқа мұғалім керек екен. Орысша оқитындарға кітап қоры жеткілікті болса, өзбек мектебіндегі латынша оқитындарға ондай мүмкіндік жоқ, орыс әліпбиін танымайды. Сол сияқты латын әріптерімен шыққан басылымдардың таралуы да аз екен. Әрине, мұндай кемшілікті уақытша қиындық қана деп білеміз. Қиындықтар болмайды емес, болады. Бірақ «шегірткеден қорыққан егін екпейді»   дегендей, қиындықтан қорқып қол қусырып отыруға да болмайды. Бес мың жылдық тарихы бар Қытай мемлекеті өздерінің ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тарихи мұрасын бір әліпбиден екіншісіне көшірудің мүмкін еместігінен өз иероглифтерінен айырылмай отыр. Бірақ Қытайда  да латын әліпбиінің өз орны, осы әліпбиге деген қызығушылық бар. Қытай 1949 жылы өз иероглифтерін латын әріптерінен транскрипциялады, соның арқасында қазір шетелдіктердің қытай тілін латын әріптері негізінде меңгеруі бұрынғыға қарағанда жеңілдей түскен. Ал жапон елінде ғылыми жұмыста және байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін екінші әліпби ретінде латын жазуы қолданылады.

 

Тағы бір ескеретін жай — латын әліпбиіне өтсек, барлық мәселе шешіледі деп арқаны кеңге салуға да болмайды. Латын әліпбиіндегі британдық ағылшындар өз тілдерінің америка, европа құрлықтарында әр жерде әртүрлі айтылып кетпеуіне, немістер мен еврейлер жер-жерден келген өз қандастарының тілді бұзбай дұрыс меңгеруіне, француздар өз тіліне ағылшын кірме сөздерінің көп еніп кетпеуіне басқа елдер де алаңдаушылық білдіріп, үнемі назарда ұстап, тілін дамыту шараларын жүргізіп, тіпті «тіл полициясын» да осы іске қосып отыр. Сондықтан бізде тілімізге бұрынғыдан да жауапкершілікпен  қарап, Елбасы айтқандай, «қазақ қазақпен қазақша сөйлеуі керек». Тіл сөйлеген үстіне сөйлей берсең ғана шыңдалып, айналадағы басқаларға да әсер ете түседі.

Jsk ақпарат