• Пн. Дек 5th, 2022

Латын әліпбиіне көшу – ұлт үшін қажетті мәселелердің бірі!

Автор:admin

Окт 14, 2022

Әлемде әр 10 адамның 8-і латын графикасын пайдаланады. Бұл – тым көп. Латынға көшу мәселесі ойдан шығарылған жоба емес. Өркениет әлеміне қадам басқанда латын әліпбиімен бірге бару – өте дұрыс қадам. Шетелде тұратын қандастарымыздың бәрі латын қарпін қолданады. Жаңа әліпби солардың бәрінің басын біріктіруге жағдай жасайды. Яғни бұл – біріктіретін процесс. Сонымен қатар, қазақ тілін өркениетке жеткізіп, оны оқып-үйренуді қаласақ, латын әліпбиіне көшкеніміз жөн. Әлбетте, бұл қадам барысында қиындықтар кездесетіні анық. Мысалы, жасы келген адамдар латынша әріп танымауы мүмкін. Жақсы дүниеге оңайлықпен қол жетпейді. Меніңше, осы бағытта кездесетін кейбір кедергілерді түйедей етіп көрсетудің қажеті жоқ. Латын әліпбиінің халқымызға, елімізге қандай пайдасы бар деген мәселе болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда латын графикасының бізге берері мол. Латын қарпіне көшу мәселесін қоғам болып, журналистер, мемлекеттік қызметкерлер секілді әр саланың өкілдері талқыласа, он­да ешқандай қиындық тумай­ды. Мені бұған дейін жазылған қазақ әдебиетінің, көне туынды­лары­мыздың тағдыры толғандырған еді. Алайда компьютерлік бағдар­лама арқылы оларды ұсынылған графикаға лезде ауыстыруға мүм­кіндік бар екен. Мәселен, 3 секундта «Абай жолын» латыншаға айналдырып беретіні туралы айтылды. Ендеше, бұдан артық не керек?! Латын әліпбиіне ауысу – заман талабы. Дүние жүзінің 80 пайызы осы қаріп түрін таңдаған. Сондықтан, Қазақстан өркениеттен қол үзбей, сол игілікті істі тезірек жүзеге асыруы керек. Бүгінгі таңдағы әліпбиді ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отырғанын жете түсінуіміз қажет. Қазақстанның қазақ тілін латын графикасына көшіру арқылы кең көлемді, терең деңгейлі ғаламдасу процесіне енуі ең маңызды мәселе. Латын графикасы қазіргі таңда дүниежүзі бо­йынша кең қолданылатын жазу жүйесі ретінде танылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бір жағынан, қазақ тілінің әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін енуіне, екінші жағынан, Қазақстандағы ақпараттық және коммуникативтік технологиялардың кең таралуы мен дамуына мүмкіндік береді.  Олай деуіміздің себебі, біріншіден, қазақтың дыбыстық жүйесін сол қалпында таңбалап бере алатын әліпбиді енгізу болса, екіншіден, сол әліпби қоғам дамуына сай одан әрі жетілдіруге ілесіп, дами алу деңгейінде ескерілетін заңдылықтарды енгізу және қазақтың ұлттық жазуын, әліпбиін тұрақтандыруға, қазақ тілдік қорды сол қалпында сақтап қалатын негізгі графиканы енгізуге бағытталады. Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындар болсақ, қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз.

Jsk ақпарат