• 12 ноября, 2024 4:04 дп

Кентауда дүкендегі жанжал кісі өлімімен аяқталды

Автор:admin

Сен 6, 2022
Кентау ҚПБ-нің кезекші бөліміне кешкі сағат 21:00 шамасында құрылысы аяқталмаған ғимараттың бірінің аумағында зорлық белгілері бар ер адамның денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы бірден шықты. Нәтижесінде жәбірленушінің жеке басы анықталып, ол Кентау қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Бұл деректі полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша тіркеді.
Аталған ауыр қылмысты ашу мақсатында, Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасы мен Кентау қаласының тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер күдіктіні ұстауға бағытталған шұғыл шаралар кешенін жүзеге асырды. Соның ішінде аулаларды аралап, ықтимал куәлардан жауап алды.
Қылмыс орнын, жәбірленушінің қозғалу бағытын және жақын маңдағы көшелерге орнатылған бейнебақылау камераларын мұқият тексеріп шықты. Сондай-ақ барлық полиция бөлімшелеріне күдіктінің белгілері бар бағдар жолдады.
Осындай жан-жақты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Криминалдық полиция қызметкерлері бір тәуліктен кейін күдіктіні Алматы қаласынан ұстады. Ол бұрын тонау үшін сотталған Кентау қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адам полиция бөліміне жеткізілді.
Белгілі болғандай, яғни алдын ала болжам бойынша екі ер адам дүкен есігінен кірер сәтте иық тіресіп, артынан сол үшін сөзге келіп қалған. Содан жәбірленуші оқиға орнынан шығып кетіп, бірер минуттардан соң аталған дүкенге «Rаnge Rover» маркалы көлігімен қайта келіп, күдіктімен дауды шешпек болады. Одан әрі жанжал Кентау қаласына кіреберіс маңындағы аяқталмаған нысан аумағында жалғасқан. Онда екі ер адам төбелесіп, соңында күдікті жәбірленушіні пышақтап, қылмыс орнынан қашып кеткен.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заттай дәлел ретінде пышақ алынды. Күдікті қамауда. Бүгінгі таңда тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.

Автор: admin