• 3 декабря, 2024 5:01 пп

ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ: ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІСТЕ ҮНДЕСТІК КЕРЕК

Автор:admin

Окт 28, 2022

ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Қызылорда облысына келді. Үміткер Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары және сала мамандарымен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады.

«Көктем келсе, кетпенін сайлап егін егуге кірісетін диқан қауымының көңілі алаң. Су тапшылығы мәселесі жайбарақаттықты көтермейді. Қамсыз егін егіп, су жетпей жатса, еңбектің еш кеткені емес пе?! Сондықтан біз су тапшылығы мәселесін мемлекеттік деңгейде шешуіміз керек. Ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру жайы көптен бері айтылып келеді. Дегенмен, бұл іске білек сыбана кірісетін кез енді келгендей. Себебі, тек бір ғана күріш егумен еңбекші елдің несібесі артып, ел қамбасының тоқ болмайтыны айқын сезіле бастады», – дейді үміткер.

Сөз соңында Жигули Дайрабаев ғылым мен өндірісте үндестік керектігіне баса назар аударды. Әсіресе, суармалы жүйеге негізделген өңір үшін қазіргідей су тапшылығы жағдайында бұл өте маңызды. Кандидаттың бастамаларын қолдаған шаруалар мен ғалымдар алдағы уақытта жүзеге асатын жобаларда бірлесе әрекет етіп, барлық тараптар үшін оңтайлы шешім қабылдауға дайын екендігін жеткізді.

Кездесуден кейін кандидат Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен танысты. Ауыл тұрғындарымен кездескен Жигули Дайрабаев өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына тоқталып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.

Автор: admin