• 3 декабря, 2024 3:38 пп

ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ: АЗАМАТТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ МІНДЕТТЕРІНІҢ БІРІ

Автор:admin

Окт 31, 2022

 

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев Арал өңірі сайлаушыларымен кездесті. Ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Кандидат жұртшылықпен тілдесе отырып өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарына да тоқталды.

Кездесу мемлекеттік қолдау шаралары көбіне жете қоймайтын өте күрделі және проблемалы аймақ орталығы Арал қаласында өтті. Кандидат жұртшылықпен, іскер адамдармен, кәсіпкерлермен кездесті. Жиындан негізінен экологияны қалпына келтіру туралы ұсыныс, Арал проблемасы айтылды. Бір облыстың екі ауданындағы тұрғындардың талап-тілегі екі бөлек. Дарияның жоғарғы жағындағы шаруалар күріш шаруашылығын жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз етуді сұраса, өзеннің төменгі сағасындағы Арал тұрғындары мен экологтар суды аз тұтынуды талап етеді. Себебі су тапшы. Теңіз табаны тартылып барады, Аралдың екінші күре тамыры Әмудария құрғап кетті.

«Ауылдық елді мекендерді, сондай-ақ көптеген қаланы таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі «Ауыз су 2001-2010», «Ақ бұлақ 2011-2020» бағдарламасы бойынша қолға алынғанымен нәтижесі нөлге тең жобалардың бірі болды. Жүздеген миллиард бюджеттік теңге құмға сіңген судай құрдымға кетті. Жазаланған шенеунік те жоққа тән. Мен халық қазынасына қол салғандардың жазасыз кетпейтініне уәде беремін», – деді сайлаушыларға жауабында Жигули Дайрабаев.

Сайлаушылардың басым бөлігі өңірдің экологиялық жағдайын, ауыз су мәселесін тілге тиек етіп кандидаттан арнайы әлеуметтік төлемдерді қарастыруды сұрады.

«Азаматтардың денсаулығын сақтау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Мен экологиялық дағдарыс аймақтары – Арал, Семей ядролық полигонында тұратындар үшін жалақы, зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы, стипендияны 50% — ға арттыратын коэффициент, сондай-ақ бұл өңірдің адамдары үшін зейнетке шығуды кем дегенде 5 жылға төмендеуді енгіземін», – деді өз сөзінде кандидат Жигули Дайрабаев.

Жалпы, бұл аймақ жаңа, жаппай дамып келе жатқан сала – балық шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Мұнда аталған шаруашылыққа арналған қарқынды технологияны дамытуға барынша қолдау көрсету өте маңызды. Бұл аймақта өңдеу кәсіпорны жоққа тән. Мал шаруашылығымен айналысатын адамдар өз шикізатын өткізетін тұрақты нүктелері жоқ. Тек жоқтан басқасы бар. Құм басқан өңірдің оты селдір болатындықтан жайылым мәселесі де күрмеулі.

«Бұл тұрғыда адамдарды жұмыспен қамтуды тек түйе өсірумен қамтамасыз етуге болады. Бірақ, бір әттеңі, ол да ақсап тұр. Жақында ғана бұл салаға мемлекеттік қолдау көрсету туралы шешім қабылданды. Дегенмен, түйе шаруашылығы ерекше назар аударуды қажет етеді», – деді Жигули Дайрабаев.

Ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы мәселесінің осындай жоғары деңгейге көтерілгеніне жүректері жарыла қуанған жиынға қатысушылар кандидат бағдарламасына бірауыздан қолдау білдірді.

Автор: admin