• 14 декабря, 2025 7:26 пп

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – басты міндеттердің бірі

Автор:admin

Ноя 19, 2025

Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу – білім беру ұйымдарының басты бағыттарының бірі. Жас буынның заңды түсініп, өз құқығы мен міндетін жете білуі олардың болашақ өміріне, азаматтық ұстанымына және қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілігіне тікелей әсер етеді.

Осы орайда, Кентау қалалық білім бөліміне қарасты «Қарнақ» жалпы білім беретін мектебінде құқық бұзушылықтың алдын алу және оқушылардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында КҚПБ, ЖПҚ, УПҚ инспекторы Парманов Нұрдаулет Серікұлының қатысуымен «Заң және тәртіп» тақырыбында кең көлемді түсіндіру жиналысы өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық мәдениетін дамытып, оларды заңды құрметтейтін, қоғам алдындағы жауапкершілігін түсінетін, қауіпсіздік ережелерін сақтайтын саналы тұлға ретінде тәрбиелеуге бағытталды. Сонымен қатар мектеп ортасындағы және оқушылардың күнделікті өміріндегі құқық бұзушылықтың алдын алу, тәртіпсіздікке себеп болатын жағдайларды төмендету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу көзделді.

Жиналысқа мектеп директоры Матмусаев Мансур Бахадирұлы, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар Хильватов Надир Суннатуллаұлы мен Абсадикова Махсуда Абсаттарқызы, мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар, мұғалімдер және 8–11 сынып оқушылары қатысты. Барлық қатысушылар осы ортақ мақсат аясында біріге жұмыс істеп, жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты күшейтуге және олардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға өз үлестерін қосты

Кездесу барысында қоғам мен отбасы үшін аса маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, кешкі және түнгі уақытта көшеде жүру тәртібі, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі, буллинг пен кибербуллингтің ықтимал зияны, одан қорғану жолдары, лудоманияның қауіпті салдары, вандализм және қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау мәдениеті туралы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар интернет пен әлеуметтік желілерде қауіпсіздік сақтау ережелері, бейтаныс тұлғалармен байланыс орнатудағы қауіптер де айрықша назарға алынды.

Полиция инспекторы Парманов Нұрдаулет Серікұлы оқушыларға қызметтік тәжірибесінен алынған нақты өмірлік мысалдарды келтіре отырып, әрбір азаматтың заң алдындағы жеке жауапкершілігі мен өз әрекетін бағалай білудің маңызын егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның түсіндіру жұмыстары оқушыларға құқықтық нормаларды тек теория жүзінде емес, күнделікті өмірде аса маңызды, қауіпсіздікке тікелей әсер ететін талаптар ретінде қабылдауға мүмкіндік берді. Инспектор кәмелетке толмағандармен жасалатын құқық бұзушылықтың негізгі себептерін атап, оларды болдырмау жолдарын нақты көрсетті.

Полиция қызметкерлерінің қатысуымен өтетін мұндай кездесулер құқықтық мәдениетті нығайтып қана қоймай, жасөспірімдердің дұрыс бағыт таңдауына, өз құқығы мен міндетін түсінуіне және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруына үлкен жол ашады.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin