Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, оларды түрлі зиянды әрекеттерден қорғау – мемлекет пен қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта құқық қорғау органдарының жүйелі профилактикалық жұмыстары айрықша маңызға ие. Өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, оларды теріс әрекеттерден сақтандыруда полиция қызметкерлерінің кәсіби тәжірибесі, күнделікті жұмыс барысында жинақтаған нақты деректері мен мысалдары оқушылар үшін өте пайдалы.
Осы мақсатта Кентау қаласына қарасты А.С. Пушкин атындағы №6 жалпы білім беретін мектепте Кентау ҚПБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі С. Апашов, Кентау ҚПБ ЖПҚ-ның 19-учаскелік полиция пунктінің инспекторлары және Кентау ҚПБ ЖПҚ УПИ бөлімінің полиция подполковнигі Е. Жұмашевтың қатысуымен «Құқықбұзушылық, нашақорлық және ойынқұмарлықтың алдын алу» тақырыбында кең көлемді кездесу ұйымдастырылды. Бұл жиынның ерекшелігі – полиция мамандары оқушыларға тек теориялық ақпарат беріп қана қоймай, өз қызметтік тәжірибесінен алынған нақты жағдайларды мысалға келтіріп, қауіптің қайдан басталатынын ашық айтты.
Полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлерін атау арқылы олардың алдын алу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Олар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің шынайы салдарын, жасөспірімдер көбіне байқамай жасайтын заңға қайшы әрекеттердің қандай зардаптарға әкелетінін атап өтті. Әсіресе әлеуметтік желілердегі алаяқтық, агрессивті контент, кибербуллинг сияқты заманауи қауіптер жөнінде полиция инспекторлары нақты мысалдар арқылы ескерту жасады. Бұл ақпарат көптеген оқушылар үшін бұрын назар аудармаған қауіп-қатерлерді түсінуге мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек, нашақорлықтың денсаулыққа және психикаға тигізетін зияны туралы айтқанда полиция қызметкерлері есірткіге тәуелділікпен бетпе-бет келген азаматтар туралы қызметтік тәжірибелерінен алынған деректерді келтірді. Және құмар ойынға тәуелділік мәселесі де терең талқыланып, лудоманияның отбасылық дағдарысқа, қылмысқа итермелейтін жағдайларға қалай алып келетінін нақты мысалдармен жеткізді. Полиция қызметкерлерінің бұл бағыттағы кәсіби білімі мен тәжірибесі оқушыларға терең әсер қалдырды.
Кездесу барысында мамандар жасөспірімдерге өз құқықтары мен міндеттерін білу, қиын жағдайға тап болғанда полицияға немесе тиісті органдарға уақытылы жүгіну – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең дұрыс жолы екенін атап өтті. Олар жасөспірімдерге қоғамда тәртіп пен сыйластықты сақтау, өз ортасын дұрыс таңдау, бос уақытты тиімді пайдалану сияқты маңызды кеңестер берді.
Іс-шара соңында оқушылар тәртіп сақшыларына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды. Полиция қызметкерлерінің осындай ашық, мазмұнды кездесулері жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, құқық қорғау органдарының беделін нығайтып, олардың қоғам үшін атқаратын маңызды қызметін айқындай түсетіні анық.
Jsk ақпараттық агенттігі
