• 10 марта, 2026 6:16 пп

Қоғаммен диалог: Шымкентте жаңа Конституцияның негізгі ережелері түсіндірілді

Автор:admin

Мар 10, 2026

 

Шымкент қаласының орталығында елдің даму бағыттарына арналған ашық диалог алаңы өтті. Кездесу Қ. Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицейінің акт залында ұйымдастырылып, оған қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты.
Жиынның негізгі спикері ретінде қоғам қайраткері Досыбай Шерімқұлов сөз сөйледі. Ол өзінің саяси тәжірибесіне сүйене отырып, өткен мен бүгіннің сабақтастығын атап өтіп, қазіргі тарихи кезеңнің маңыздылығына тоқталды. Спикердің айтуынша, әлем қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде, ал Қазақстан жаһандық үдерістерден тыс қала алмайды. Осы тұрғыда қоғам талаптары мен уақыт сұранысына жауап беретін жаңа Конституция қажет, өйткені ол Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың берік негізіне айналады.
Кездесу барысында қатысушыларға жаңа Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Атап айтқанда, құжатты дайындау үшін құрылған арнайы комиссия құрамына еліміздің 130-дан астам жетекші сарапшысы енгені, ал талқылау процесі ашық түрде жүргізілгені айтылды. Досыбай Шерімқұлов академик Салық Зимановтың демократиялық қоғамда заң халықтың көпшілік еркімен қабылданатыны туралы пікірін келтіріп, бұл қағида тұрақтылықтың басты негізі екенін атап өтті.
Сонымен қатар жаңа Конституцияны түсіндіру барысында халықтық бақылау тетіктерін күшейту, жер мен оның қойнауындағы байлықтардың халық меншігі екендігін конституциялық деңгейде бекіту мәселелері кеңінен талқыланды. Бұдан бөлек, азаматтардың құқықтарын қорғау механизмдерін жетілдіру, құқық қорғау институттарының өкілеттіктерін кеңейту және мемлекеттік биліктің теңгерімді, ашық әрі есеп беретін жүйесін қалыптастыру бағытындағы өзгерістерге ерекше назар аударылды.
Спикер алдағы жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумның тікелей демократияның ең жоғары көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, референдумда берілген әрбір дауыс елдің тұрақтылығы мен өркендеуіне қосылған жеке үлес болып табылады. Сондықтан бұл таңдауға әр азамат саналы әрі жауапкершілікпен қарауы қажет.
№7 мектеп-лицейінде өткен ашық кездесу қала тұрғындарының мемлекеттік маңызы бар мәселелерге бейжай қарамайтынын және ел дамуына бағытталған оң өзгерістерге дайын екенін көрсетті. Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституцияға қолдау білдіретіндерін жеткізді.

Автор: admin