Халықаралық туризм күні! Мереке қарсаңында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында 100 жетігенші өнерін көрсетіп, көпшілікті таңғалдырды. Олар келуші қонақтар мен зиярат етушілерге көне аспап жетігеннің сырлы үнін паш етіп, рухани атмосфераны ерекше әсерге бөледі.
Айта кетейік, Түркістан облысының туризм басқармасының ұйымдастыруымен, туризм күніне орай Түркістан қаласында «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST-2025» халықаралық қолөнершілер көрмесінің салтанатты ашылуы өткен болатын.
Дүниежүзілік туризм күні 1979 жылы Дүниежүзілік туристік ұйым — ЮНВТО-ның Бас Ассамблеясымен бекітілді және жыл сайын 27 қыркүйекте атап өтіледі.
Түркістанда өткен бұл мерекелік шаралар өңірдің туристік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, ұлттық мәдениет пен дәстүрді әлемге танытуға бағытталды. Әсіресе жетігеншілердің бір мезетте үйлесімді орындауы Қазақстанның музыкалық мұрасын насихаттаудың ерекше үлгісіне айналды.
Сонымен қатар, қала қонақтары үшін арнайы ұйымдастырылған экскурсиялар, этно-өрнекті жәрмеңкелер мен қолөнершілер басқосуы ішкі туризмнің дамуына серпін берді. Қолөнер туындылары арқылы Қазақстанның әр аймағына тән мәдени ерекшеліктер көрсетіліп, келушілер үшін танымдық орта қалыптасты.
Шара барысында туристер мен зияратшыларға арналған ақпараттық турлар, фото-аймақтар және мәдени-танымдық бағдарламалар ұсынылып, Түркістанның рухани орталық ретіндегі рөлі кеңінен дәріптелді. Кесене аумағындағы тарихи нысандар мен жаңғыртылған туристік бағыттар да көпшіліктің қызығушылығын арттырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы мереке Түркістанды халықаралық деңгейдегі туристік хаб ретінде танытуға бағытталған кешенді бағдарламалармен ерекшеленеді. Жетігеншілердің өнерін тамашалаған шетелдік қонақтар да қазақтың дәстүрлі музыкасына жоғары баға беріп, Түркістанға қайта оралуға ниет білдірді.
Jsk ақпараттық агенттігі
