• 03.07.2026 23:25

ҚАЗЫҒҰРТТА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ КҮШІНЕ ЕНУІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

Автор:jsk.kz

Июл 3, 2026

Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында 1 шілде – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай салтанатты жиын өтті.

Іс-шара барысында аудан әкімі Азизхан Исмаилов сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның елдің қоғамдық-саяси дамуы мен құқықтық мемлекет құрудағы тарихи маңызына тоқталды.

Сонымен қатар аудан тұрғындарын Ұлттық домбыра және Астана күні мерекелерімен құттықтап, ел бірлігі мен мемлекеттің өркендеуі жолындағы ізгі тілегін жеткізді.

Жиын аясында отбасы институтын нығайту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы – 2026» республикалық байқауының аудандық кезеңіне қатысқан өнегелі отбасыларға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Тайбек Қалымбетов пен “Ардагерлер кеңесінің” төрағасы Сейдулла Сеңгірбаев сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның ел болашағы үшін маңызы, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі және қоғамның дамуына қосар үлесі туралы өз пікірлерімен бөлісті.

Мерекелік шара аудандық мәдениет сарайы өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Патриоттық әндер шырқалып, ұлттық нақыштағы көркем билер орындалып, көрермендерге ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

©️Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Автор: jsk.kz