• 27 февраля, 2026 5:10 пп

ҒЫЛЫМ МЕН АДАМ КАПИТАЛЫ – ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ӨЗЕГІ

Автор:admin

Фев 27, 2026

 

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен Ж.Тәшенов университетінің жанындағы ғылыми-сарапшылық қауымдастық өкілдерімен дөңгелек үстел өтті. Басқосу барысында жаңа Конституцияның негізгі ережелері жан-жақты түсіндіріліп, құжатта айқындалған басты бағыттар мен енгізілетін өзгерістер кеңінен талқыланды.
Кездесу аясында адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын күшейту, цифрлық қауіпсіздікті мемлекеттік деңгейде нақты бекіту, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы институционалдық өзгерістердің мәні сараланды. Қатысушылар реформалардың елдің құқықтық жүйесін жаңғыртудағы рөліне тоқталып, оның қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.
Талқылаудың негізгі өзегіне айналған тақырыптардың бірі – Қазақстан Республикасыдамуының стратегиялық басымдықтары. Конституцияда белгіленген бұл бағыттар адами капиталды дамытуға, білім мен ғылымды қолдауға, инновациялық әлеуетті арттыруға басымдық береді. Жиында айтылғандай, ғылым мен технология – ел өркендеуінің басты қозғаушы күші. Осы тұрғыда білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді қолдау және жастардың зияткерлік әлеуетін дамыту мәселелері кеңінен сөз болды.
Сәрсен Абайұлы өз баяндамасында Конституциядағы білім беру саласына, отбасы мен неке институтына қатысты нормаларға, сондай-ақ преамбулада көрініс тапқан «Ұлы дала» ұғымының мазмұнына жан-жақты тоқталды. Ол аталған құндылықтардың қоғам бірлігін нығайтудағы, ұлттық бірегейлікті сақтаудағы және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын нақты мысалдармен айқындап берді.
Жиын барысында ғалымдар мен сарапшылар жаңа Конституция төңірегінде қоғамда туындаған сауалдарға кәсіби тұрғыда жауап беріп, реформалардың мәні мен мақсатын кеңінен түсіндірді. Пікір алмасу ашық форматта өтіп, қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салды.
М.Байғұт атындағы студенттер үйінде өткен басқосу елдің құқықтық жаңғыруына арналған мазмұнды әрі маңызы зор жиын ретінде бағаланды. Кездесу қорытындысында ғылыми қауымдастық өкілдері қоғам арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруға және конституциялық реформалардың мазмұнын кеңінен насихаттауға дайын екендіктерін білдіріп, жаңа құжатты толық қолдайтындарын жеткізді.

Автор: admin