Энергия тиімділігі – қазіргі заманғы қалалық даму стратегиясының маңызды бағыттарының бірі. Түркістан қаласы, соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан өңір ретінде, энергияны үнемдеу және қаланың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Жылу, электр энергиясы, сумен жабдықтау және көлік саласындағы тиімділікті арттыру – қалалық инфрақұрылымның дамуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын көтерудің негізгі құралдары. Оның үстіне жыл сайын қала тұрғындарының да саны айтарлықтай өсіп келеді.
Түркістан қаласының энергия тұтыну құрылымын қарастырсақ, негізгі шығындар тұрғын үй-коммуналдық секторға, қоғамдық нысандарға және өндіріс орындарына тиесілі. Соңғы бес жылда қалада жаңа көпқабатты тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар және өндірістік кәсіпорындар салынып, олардың энергия тиімділігін арттыру қажеттілігі туындады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында энергияны үнемдейтін жабдықтар мен технологияларды енгізу қолға алынған. Бұл шаралар тұрғындарға коммуналдық қызметтердің шығынын азайтып қана қоймай, қаланың жалпы экологиялық жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, энергия тиімділігін арттырудың бірнеше негізгі жолы бар. Мысалы, Еуропаның бірқатар елдерінде «ақылды» электр желілері (smart grid) енгізіліп, тұтыну көлемі нақты уақыт режимінде бақыланады. Түркістан үшін бұл технологияларды қолдану энергия тұтынуды оңтайландырып, шығындарды азайтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, Германия, Дания сияқты елдерде тұрғын үйлерді салуда энергия үнемдейтін материалдар мен жүйелерді қолдану кеңінен таралған. Сол елдердің тәжірибесі Түркістанда жаңа тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде қолданылуы мүмкін деген болжамдар бар.
Ал жылу энергиясын үнемдеу кезінде Түркістан қаласы Қазақстандағы басқа өңірлер сияқты өзекті мәселелерге кезігеді. Қыста жылытуға жұмсалатын энергия шығынын азайту үшін мемлекеттік бағдарлама шеңберінде оқшаулау материалдарын қолдану, энергия тиімді пештер мен жылу сорғыларын орнату, бұл жақта да ұсынылады. Экономист-сарапшылардың пікірінше, тұрғын үйлерді жаңарту, жылу жүйесін модернизациялау және энергия үнемдейтін құрылғыларға инвестиция салу қаланың жалпы энергия шығынын 20–30%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
Энергия тиімділігін арттыру баығытнда Түркістандағы өндірістік сектордың да рөлі зор. Өңірде шағын және орта өндіріс орындары көбейген сайын энергияны тиімді пайдалану мәселесі өзекті. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, фабрикалар мен өндіріс орындарында энергияны үнемдеу жүйелерін енгізу өндіріс шығындарын азайтып қана қоймай, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, Италия мен Жапонияда шағын зауыттарда энергия мониторингі, қалдық жылуды қайта пайдалану және тиімді электр жабдықтарын орнату кеңінен қолданылып келеді.
Қалалық көлікте энергия тиімділігін арттыру – Түркістан үшін жаңа бағыт. Қазіргі уақытта қалада қоғамдық көліктің үлесі шектеулі және жеке автокөліктің саны көп. Электр автобустар, гибридтік көліктер және велосипедтік жолдар енгізілуі қаланың ауа сапасын жақсартып, энергия тұтынуды азайтуға мүмкіндік береді. Нидерланды мен Германияның тәжірибесі көрсеткендей, экологиялық таза қоғамдық көлікті дамыту арқылы қала тұрғындарының көлік шығынын азайтып, қаланың жалпы энергия тиімділігін арттыруға болады.
Соңғы жылдары Түркістанда күн және жел энергиясы көздерін пайдалану жобалары да қарастырылып жатыр. Аймақтық климаттық жағдайлар бұл технологиялардың тиімділігін арттырады. Мысалы, қаладағы кейбір өндірістік кешендер мен мектептерге күн панельдері орнатылып, қосымша энергия алу тәжірибесі басталды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Израиль, Испания, Германия және АҚШ-та күн энергиясын кеңінен қолдану ғимараттардың энергия тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді.
Энергия тиімділігін арттырудың әлеуметтік аспектісі де маңызды. Түркістанда тұрғындарды энергияны үнемдеуге үйрету, ақпараттық науқандар өткізу, «ақылды есептегіштер» орнату арқылы тұтынушылардың санасын арттыру көзделуде. Бұл шаралар тұрғындарды энергияны үнемдеуге ынталандырып, коммуналдық қызметке жұмсалатын шығынды азайтады. Сарапшылардың пікірінше, тұрғындардың белсенді қатысуы қаланың жалпы энергия тиімділігін арттыруда шешуші рөл атқарады.
Түркістан қаласында энергия тиімділігін арттыру – кешенді бағыт. Ол тұрғын үй-коммуналдық сектордан бастап өндіріс, көлік және жаңартылатын энергия көздеріне дейінгі барлық саланы қамтиды. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, «ақылды» электр желілері, энергия үнемдейтін материалдар, жаңартылатын энергия көздері, қоғамдық көлікті дамыту және тұрғындардың ақпараттандырылуыТүркістан үшін негізгі стратегия болуы мүмкін. Бұл тәсілдер қаланың экологиялық тұрақтылығын арттырып қана қоймай, экономикалық тиімділікті қамтамасыз етеді және болашақта Түркістанды Қазақстандағы энергия тиімді қалалардың біріне айналдыра алады.
JSK Enter Media
