• 24 ноября, 2025 9:24 дп

Шымкентте полицейлер генерал Жеңісбай Сұлтановтың 80 жылдық мерейтойын атап өтті

Автор:admin

Ноя 15, 2025

Полиция беделін көтеруде қылмыс­тың алдын алу жұмыстарын ұтымды ұйымдастырудың алар орны ерекше. Осы орайда Шымкент қаласы Полиция департаментінде милиция генерал-майоры Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Жеңісбай Сұлтановтың 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, департаменттің жеке құрамы және «Жас сақшы» арнайы сыныптарының оқушылары қатысты. Іс-шара генералдың өмірі мен қызмет жолына арналған бейнероликтің көрсетілімінен басталды. Мерекелік жиында бірқатар қонақтар құттықтау сөз сөйледі. Олардың қатарында прокуратура органдарының ардагері Кәрім Абдуқадыр, ҰҚК ардагері Ақжігіт Исабеков, ҚАЖД бастығы Сапарғали Жұмағұлов, ІІО ардагерлері Меруерт Аталыкова мен Үсенбатыр Арзықұлов, сондай-ақ департамент бастығы Нұрлан Алмасбеков болды. Жеңісбай Әбдікәрімұлы ішкі істер органдарында отыз жылдан астам уақыт абыройлы қызмет атқарған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі адал еңбегі мен зор үлесі үшін Жеңісбай Сұлтанов КСРО және Қазақстан Республикасының он бес медалімен, «Милиция үздігі» белгісімен және КСРО ІІМ академиясының медалімен марапатталған. 1995 жылы оған Президент Жарлығымен «милиция генерал-майоры» арнаулы атағы берілді. Генерал Жеңісбай Сұлтанов ішкі істер органдарында қызмет ету арқылы еліміздің құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында лайықты қызмет атқарған Жеңісбай Сұлтанов Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының және Түлкібас ауданының құрметті азаматы. Көптеген наградалар, грамоталар мен медальдардың иесі. Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен» және ҚР Ішкі істер министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. 2002 жылы Жеңісбай Әбдікәрімұлы құрметті зейнеткерлікке шықты. Алайда ішкі істер органдары саласынан қол үзген жоқ. Әлі күнге дейін полиция қызметкерлері өткізген маңызды іс-шараларға қатысып, кейінгілерге керекті ақыл-кеңестерімен, қауіпті қызметтің қыр-сырымен бөлісіп келеді. Қызметтік және қоғамдық жұмыстағы белсенділігі мен адамгершілік болмысы арқылы ол әріптестері мен жас полицейлердің зор құрметіне бөленді.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin