• 14.05.2026 17:03

Шымкентте медициналық қызмет сапасы мен ашықтық күшейтілуде

Автор:admin

Май 14, 2026

 

Шымкентте қала әкімінің орынбасары Арман Сәбитовтың төрағалығымен денсаулық сақтау саласының алқа отырысы өтті. Жиынға ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы мен қалалық денсаулық сақтау басқармасы, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшылары, сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.
Алқа отырысында Қор филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева медициналық қызмет сапасын арттыру, халықтың МӘМС жүйесінде қамтылуы және медициналық мекемелерді қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады.
Атап айтқанда, медициналық ұйымдардың қызмет сапасына бақылау күшейтіліп, негізсіз көрсетілген қызметтер мен стандарттан ауытқулар бойынша тиісті түзету шаралары қолға алынған.

Пациенттердің құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Шағымдарға жедел әрекет ету жүйесі жетілдіріліп, халықпен кері байланыс нығая түскен. Бұл өз кезегінде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға оң әсер етуде. Биылғы жылдың 4 айында медициналық қызмет сапасына қатысты 386 арыз-шағым түскен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,5 пайызға төмен. Оның 263-і негізсіз деп танылып, өтініш берушілер тарапынан кері қайтарылған.

Сондай-ақ қазіргі таңда қала тұрғындарының шамамен 86 пайызға жуығы медициналық сақтандырылған. Ал сақтандырылмаған 186 мыңнан астам азаматтың мәртебесі тұрақты бақылауда.
— Қор қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі –ашықтық пен жауапкершілікті арттыру. Осы мақсатта цифрландыру жұмыстары күшейтіліп, ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы көрсетілетін қызметтердің шынайылығы мен тиімділігі бақылауға алынуда. Бұл ретте Qalqan цифрлық платформасының енгізілуі төленген әрбір медициналық қызметтің негізділігі мен расталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді,-дейді ӘМСҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева.
Жалпы, қабылданып жатқан кешенді шаралар медициналық қызметтердің сапасын арттыруға, қаржылық ашықтықты қамтамасыз етуге және халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған. Алқа отырысының қорытындысы бойынша жауапты мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар мен ұсыныстар берілді.

Автор: admin