• Чт. Окт 22nd, 2026

ШЫМКЕНТТЕ 405 МЫҢ ОҚУШЫ ҮШІН ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ БАСТАЛДЫ

Автор:jsk.kz

Сен 1, 2026

Шымкентте жаңа оқу жылында мектеп партасына 405 мыңға жуық оқушы отырды. Оның шамамен 29 мыңы – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер. Қыркүйектің алғашқы күні еліміздің барлық өңіріндегідей Шымкент қаласында да ерекше қуанышпен, әсем әуен мен мерекелік көңіл-күймен басталды. Мегаполистегі білім ошақтары есігін айқара ашып, мыңдаған бала мен жасты құшақ жая қарсы алды. Бұл – өңірдегі білім беру жүйесінің ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын және жас ұрпақ санының артып отырғанын айқын көрсетеді. Әсіресе, бұл күні ең үлкен толқыныспен мектепке келгендер – 1-сынып оқушылары. Биыл қала бойынша 40 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, «Алғашқы қоңырау» сыңғырымен білім әлеміне қадам басты. Олар үшін арнайы ұйымдастырылған алғашқы сабақтар мен сынып сағаттары оқушылардың жаңа оқу жылына деген ынтасын арттыра түсті. Қала әкімдігі мен білім басқармасының мәліметінше, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген. Өңірдегі оқушы орындарының тапшылығын жою және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында соңғы жылдары бірқатар заманауи жаңа мектептер бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бұл балалардың қауіпсіз, жайлы әрі сапалы жағдайда білім алуына мол мүмкіндік береді. Мерекелік шаралар қала мектептерінде дәстүрлі түрде «Білім – бақыт кілті» атты тақырыптағы сынып сағаттарымен жалғасты. Ұстаздар мен ата-аналар балаларға сәттілік тілеп, жаңа оқу жылының жемісті болуына тілектестік білдірді. Алдымызда жаңа белестер, қызықты жаңалықтар мен білім жолындағы танымды күндер тұр. Барша оқушылар мен ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, биылғы жылдың биік жетістіктер мен сәттіліктерге толы болуын тілейміз! Білім күніне арналған негізгі салтанатты жиын Теріскей шағынауданындағы жаңартылған №46 мектеп-лицейде өтіп, оған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Биылғы 1 қыркүйек «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды. Мерекелік жиын Мемлекеттік Туды көтеріп, Әнұранды орындаудан басталды. Қала әкімі білім сапасын арттыру, цифрландыру мен жасанды интеллектті меңгеру, сондай-ақ жастарға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Білім беру инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Соңғы екі жылда Шымкентте 13 жаңа мектеп салынды. Биыл 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 6 мектепке қосымша ғимараттар салынды. №46 мектеп-лицейде биыл 478 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Ғимараттың қасбеті, шатыры, спорт залы мен жертөле бөлігі толық жаңартылды. Екі ауысымда білім алатын мектепте шамамен 2 700 оқушы бар. Биыл бірінші сыныпқа 218 бала қабылданды. Білім күні аясындағы іс-шаралар тәрбие мен ұлттық құндылықтарға басымдық бере отырып, артық шығынсыз ұйымдастырылды. Салтанатты жиындардан кейін оқушылар үшін Конституция құндылықтары мен жалпыұлттық жобаларға арналған бірыңғай сынып сағаттары өткізілді.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: jsk.kz