• 20 января, 2026 10:13 дп

Шымкент: құқық қорғау кеңесінде сыртқы жарнама төлемін есептеу мәселесі қаралды

Автор:admin

Янв 20, 2026

 

Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Қайрат Акеновтың модераторлығымен өткен жиынға Палата басшылығы, қалалық прокуратураның және аудан прокуратураларының, аудан әкімдіктерінің, сондай-ақ, уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыруға төлем мен өсімпұл есептеу мәселесі қаралды. Бұған Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер өтініш жасауы себеп болған. Бизнес қоғамдастық өкілдерінің айтуынша, 30-дан астам кәсіпкер өздеріне қатысты сыртқы жарнамаға төлем есептелгенін мерзімінен кейін банк қосымшалары арқылы ғана білген. Соның салдарынан есеп-шотымыз бұғатталу қаупі бар дейді кәсіпкерлер.

Кәсіпкерлер, сонымен қатар, басқа да бірқатар проблеманы көтерді. Олардың айтуынша, есептелген төлем сомасы нақты орналастырылған жарнаманың көлеміне сәйкес келмейді, сөрелердегі бейнелер негізсіз түрде жарнамаға теңестірілген, есептелген төлем туралы алдын ала хабарланбаған және бұзушылықтарды ерікті түрде орнына келтіруге мүмкіндік жоқ дейді. Сондай-ақ, негізгі төлем мен өсімпұл бір мезгілде есептелген, ал кей кәсіпкерлер жарнама элементтерін бұрын алып тастаса да соған қарамастан төлем есептелген дейді.

Жиын барысында мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлік субъектілерге есептелген төлемдер мониторинг нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органнан салық органдарына берілген мәліметтер негізінде есептелгенін айтты.

«ҚР заңдары бойынша белгіленген міндетті төлемдер мен салықты төлеу – әр азаматтың, кәсіпкерлік субъектісінің міндеті. Ал сыртқы жарнама төлеушілер дегеніміз – жарнама нысандарының меншік иелері немесе жарнама орналастырылған ғимараттың меншік иелері. Сыртқы жарнамадан түсетін түсім жергілікті бюджетке құйылады. Әр айдың 15-інен кешіктірілмей уәкілетті орган бізге қажет мәліметтерді ұсынады. Соған сәйкес әр салық төлеушіге міндетті төлемдер ұсынылады. Ол авоматты түрде екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы беріледі», – деді Шымкент қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Жомарт Арынтаев.

Ал уәкілетті орган өкілдері кәсіпкерлерге жарнама мен маңдайшаның айырмашылығы туралы түсіндірді.

«ҚР Жарнама туралы заңына тоқталсақ, жарнама – кез келген құралдың көмегімен кез келген нысанда таратылатын немесе орналастырылатын жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларына, тауар белгілеріне, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қызығушылықты қалыптастыруға, өткізуге ықпал ететін ақпарат. Ал маңдайша – қандай да бір жұмыс орнының жұмыс уақыты, айналысатын қызметі туралы логотип ретінде көрсетілетін ақпарат», – дейді Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Нұрғали Бөрібеков.

Қалыптасқан жағдайға байланысты Кеңес кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарының бұзылуына жол бермеу және ондай тәуекелдерді азайту, салық және әкімшілік заңнамаларының нормаларын қолдануда бірыңғай әрі заңды тәсіл қалыптастыру мақсатында прокурорлық ден қою шараларын бастау орынды деп тапты.

«Құрметті кәсіпкерлер! Қалыптасқан жағдайды жан-жақты қарауды қажет деп тауып, кәсіпкерлердің әр өтініші бойынша уәкілетті органдардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Кез келген кәсіпкер Палата арқылы немесе прокуратураға тікелей жазбаша немесе электронды түрде шағымданып, өздерінің дәйектерін келтіре алады. Әрбір нақты жағдай Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп мұқият зерделеніп, құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда кәсіпкерлердің құқықтары заңда белгіленген тәртіппен қалпына келтірілетін болады», – деді Шымкент қалалық прокуратурасы басқармасының басшысы Батыр Ергешов.

Кәсіпкерлер палатасының өкілдері де бұл бағыттағы жұмыс әрдайым назарда болатынын жеткізді.

«Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының басты мақсатының бірі – дауласу емес, мемлекет пен бизнес қоғамдастық өкілдерінің мүдделерінің теңдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын ашық әрі бірізді тәсілдерді қалыптастыру екенін атап өткім келеді. Осы орайда осындай ұқсас жағдайға тап болған кәсіпкерлер құқықтық қолдау алу үшін Кәсіпкерлер палатасына жүгіне алады. Біздің мекенжайымыз: Шымкент қаласы, Ерімбетов көшесі, 304 Г, «Заңгар» бизнес орталығының, 2-қабаты», – деп атап өтті Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева.

Жиынды қорытындылай келе Кеңес кәсіпкерлік қызметке жағымсыз әсерді азайту және сыбайлас жемқорлық көріністерінен бизнесті қорғаудың тиімділігін арттыру мақсатында резолюция қабылдады:

1. Кәсіпкерлер палатасына Шымкент қаласының прокуратурасымен бірлесіп, сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру мәселелері бойынша түскен өтініштер аясында кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және құқықтық қолдау көрсету;
2. Шымкент қаласының прокуратурасына уәкілетті органдардың лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне/әрекетсіздігіне құқықтық баға беру, заңдылық бұзушылықтары анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау;
3. Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасына сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру тәртібі туралы түсіндірме ақпарат дайындап, кәсіпкерлер назарына ұсыну, сыртқы (визуалды) жарнамаға жататын және жатпайтын ақпарат түрлерінің тізбесін айқындап, түсіндіру;
4. Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастырғаны үшін төлемді есептеу тәртібі мен мөлшерлері туралы ақпараттық-түсіндіру материалдарын (буклеттер) әзірлеп, ақпаратты жариялау ұсынылды.

Автор: admin