Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және өңір кәсіпкерлерінің жыл сайынғы дәстүрлі кездесуі өтті. Жиынға Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері, Кәсіпкерлер палатасының басшылығы, құзырлы-бақылау органдары мен аумақтық департаменттердің, басқармалардың басшылары, бизнес өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлер мен қала әкімдігі арасында бизнесті дамыту және қаланың инвестициялық ахуалын жақсарту мәселелері бойынша маңызды ашық диалог алаңы болған жиынды Өңірлік кеңестің төрағасы Қайрат Молдасейітов ашып, жүргізіп отырды.
Кездесуде бизнестің дамуы мен өзекті мәселелер талқыланып, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шараларына баса назар аударылды.
«Қаламызда кәсіпкерлікті қолдау шаралары жан-жақты атқарылуда. Нақты айтқанда, арнайы салық режимі мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетіліп, экономиканы нығайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Биылғы 11 айда Шымкент қаласына тартылған инвестиция көлемі 715,2 млрд теңгеден асты. Астана қаласында өткен Жаһандық инвестициялық форум аясында жалпы құны 863 млн АҚШ долларын құрайтын бес ірі жобаны іске асыру жөнінде келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар, келесі жылы Шымкент қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы өтеді. Халықаралық маңызды жиында ЕАЭО-ға мүше бес елдің премьер-министрлері қаламызға келеді. Осыған орай бизнес өкілдерін осынау жиынды ұйымдастыруға атсалысуға шақырамын», – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Қала әкімі мегаполисте кәсіпкерліктің даму әлеуеті жақсы екеніне тоқталды.
Кездесуде кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қала әкімінің жауабын алды. Атап айтқанда жер учаскелерінің нысаналы мақсатына қатысты, жеңіл өнеркәсіп пен креативті индустрия саласындағы мамандар тапшылығы, мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарындағы ата-ана төлемақысының мөлшеріне қатысты мәселелер көтерілді.
Қала әкімі кәсіпкерлердің әр сұрағын мұқият тыңдап, тиісті жауап берді және қала экономикасы мен бизнестің дамуына қолдау көрсетуге дайындығын білдірді.
Кездесу соңында қала әкімі кәсіпкерлерге алғыс білдіріп, Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және жоғары әлеуметтік жауапкершілігі үшін бірқатар кәсіпкерді алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Өңірлік кеңестің мүшелері, «OTAU Gruop» ЖШС құрылтайшысы Қайрат Молдасейітов, «Бал Текстиль» ЖШС құрылтайшысы Талғат Исхақов, «Барыс-2007» ЖШС құрылтайшысы Айжан Наимбекова, «Экофарм» ЖШС бас директоры Гүлия Жүзенова және басқа да кәсіпкерлер бар.
