Шымкент қаласының Полиция департаментінде Халық қаһарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған іс-шара өтті. Іс-шараға полиция қызметкерлері мен «Жас сақшы» арнайы сыныптарының оқушылары қатысып, ерлік пен адалдықтың үлгісін көрсеткен қаһарман офицердің рухына тағзым етті. Жас сақшылар қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған обелискке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Полицейлердің айтуынша, мұндай іс-шаралар халық батырларын ұмытпауға, жас ұрпақтың бойында патриотизмді қалыптастыруға бағытталған. Естеріңізге салсақ, 2011 жылдың 12- қарашасында Тараз қаласында болған оқиға дүйім жұрттың үрейін алғаны рас. Сол лаңкестік оқиға кезінде жиһатшы Мақсат Қариевтың қолынан 7 бірдей жан жазықсыз көз жұмды. Олардың бесеуі тәртіп сақшылары болса, екеуі сауда дүкенінің сатушысы мен қожайыны еді. Арасында сондай қиын — қыстау сәтте ерлік танытқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов та болды. Сол күні кезекшілікте жүрген Ғазиз Байтасов, хабар келіп жеткен бойда қылмыскер ізіне түседі. Қаланың Қазыбек би көшесіндегі гастроном маңына келіп тоқтаған қылмыскер оңды-солды оқ жаудыра бастайды. Сол сәтте оқиға орнына жеткен Ғазиз көлігінен түсіп, оқ атып, қылмыскерді кері шегіндіреді. Өкінішке қарай, қарсы атылған оқтан полиция капитанының өзі де жараланады. Кенет ол лаңкестің қолындағы лақтырғалы тұрған гранатасын көріп, бейбіт халыққа қауіп төнгенін сезеді. Ондай сәтте әр секунд маңызды екені белгілі. Міне сол кезде Ғазиз, жараланғанына қарамай, қаймықпастан қаскөйдің граната ұстаған қолын қыса, денесін жауып, оны жерге құлатады. Содан жарылған қару лаңкестің өзінің көзін жойғанымен, Ғазиз батырдың да өмірін қияды. Міне, халқының өмірін сақтау жолында, өз өмірін құрбан еткен ер ерлігі мен есімі- ел есінде. Елі үшін ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Ғазиз Байтасовқа, қайтыс болғаннан кейін, «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Ғазиз — бұндай атақты иеленген тұңғыш полицей.
Тәуелсіздік жылдары қызметтік борышын орындау кезінде 800 ге жуық полиция қызметкері қаза тапқан. ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жыл сайын олардың ерліктеріне арналған «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы өткізіліп тұрады.Осылайша, бейбіт күннің батырлары ұмытылмай, ерліктері ұрпақтан- ұрпаққа жете бермек.
Jsk ақпараттық агенттігі
