• 23 декабря, 2025 3:09 пп

ТҮРКІСТАНДЫҚ БРЕНДТЕР: ІШКІ НАРЫҚТАҒЫ ӨРЛЕУ, МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ

Автор:admin

Дек 23, 2025

Түркістан – тек тарихи қала ғана емес, қазіргі Қазақстанның индустриялық және кәсіпкерлік орталықтарының бірі. Мұнда «Бір ауыл – бір өнім» секілді жергілікті брендтер жобалары арқылы өңірдің кәсіпкерлері ұлттық нарыққа ерекше өнімдер шығаруды бастап кеткен. Қолданылатын шикізаты табиғи, өндірісі дәстүрлі, маркетингі ерек болар…Шолу жасап көрелік.

 

2025 жылы Түркістанда өткен «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрмесі Атамекен кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылып, қала кәсіпкерлерінің бал, кептірілген жеміс-жидек, табиғи сабын, сүт өнімдері, қолөнер бұйымдары сияқты ауқымды спектрдегі тауарлары таныстырылған еді. Бұл жоба аясында бренд бәсекеге сай өнімдерді қалыптастырып, оларды Қазақстанның өзге қалаларында да сұранысқа ие болып, сөрелердің бәріне дерлік шығарудың бір жолын тапқандай. Мысалы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлікті қолдау палатасының таратқан мәліметіне жүгінсек, жобаның финалистері ретінде дәстүрлі қолөнер, қымыз, жүннен жасалған бұйымдар секілді ерекше өнімдер іріктеліп, марапатталған .Марапат алған кәсіпкерлерге мемлекеттік сертификаттар табысталып, өнімдерін нарыққа шығару үшін қосымша ақпараттық және қаржылық қолдау ұсынылды.

 

Әрине, өңіраралық сауда үшін де мемлекет тарапынан қолдау механизмдері болуы шарт. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы — «Мен-кәсіпкер» ұлттық бағдарламасының құрамдас бөлігі делінген, олай болса бұл бағдарлама кәсіпкерлерге: өнімді патенттеу және брендтеу бойынша оқыту, қаптау мен логистика саласында маркетингтік кеңес беру, нарыққа шығу жолдарын дамыту-сахналық платформасы ретінде маңызға ие.

 

Түркістандағы өндіріспен айналысатын кәсіпкерлер, әсіресе ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер, осы қолдау арқылы өз тауарларын еліміздің басқа облыстарына-Қызылдорда, Тараз, Алматыға, Астанадағы сауда нүктелеріне шығару мүмкіндігін алады. Осы жөнінде Қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілі былай дейді: “Біз жергілікті шикізатты қолданып, дәстүрлі өнімдер жасайтын кәсіпкерлерге сеніммен қараймыз. Мемлекет қолдауы арқылы олардың брендтерін танымал етіп, ішкі нарықта бәсекеге қабілетті етуге ниеттіміз.” Жергілікті кәсіпкерлер де бұл көмекті жоғары бағалайды — “Мен үшін бұл жоба тек кәсіп емес, ауыл шаруашылығын дамыту, отбасымды қамтамасыз ету жолы”, – дейді кәсіпкер, Ерғали Нүсіпов.

 

Түркістандық өнім хақында, қала тұрғындарының белгілі бір жағымды пікірі де қалыптасып келеді. Түркістан қаласына жақын Қарашық ауылында тұратын тұрғындардың бірі: “Қаланың қасында өзіміздің балымыз бен кептірілген жемісіміз болса, ол еліміздің басқа жерінде да сұраныста болуы-мақтаныш. Мен көрмелерге қатысып, туған ауылымның өнімін сатып алғанымда жүрегім қуанады”, – дейді. Басқа бір кәсіпкер Берікбол Босаған болса: “Бренд аты ‘Түркістан өнімі’ болса, ол жергілікті өнімге деген сенімді арттырады, халыққа біздің жердің табиғи байлығын көрсетеді”, – дейді.

 

Әрине, сыни көзқарастар да жоқ емес. Қала тұрғындары арасында жасаған біздің сауалнамаға, кейбір тұрғындар “өнімдер бағасы жоғарылап кеткен, нарыққа шығу үдерісі бәріне бірдей жетпейді” деген пікір айтады. Алайда жалпы алғанда, адамдар жергілікті брендтерге деген қызығушылықты жақсы бағалайды – оларды тек тұтынушы тұрғысынан емес, экономикалық даму ресурсы деп те көретін сықыл-ды.

 

Түркістандық кәсіпкерлердің осындай өнім-брендтер арқылы өз статусын нығайтуы әрі танымал болуы, мемлекет тарапынан жүйелі қолдау алуы және жалпы тұрғындардың қолдау білдіруі – ішкі нарықты реттеудің маңызды тетігі болып қала беремек. Ел ішінде “Түркістан өнімі” деген бренд атының кең тарауы арқылы экономикалық біртұтастық артып, ал жергілікті кәсіпкерлерге табыс пен танымалдықтың жаңа көкжиегі ашылса бек қуаныш емес пе?!

JSK Enter Media

Автор: admin