• Сб. Окт 17th, 2026

ТҮРКІСТАНДА «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «КІТАППЕН КЕМЕЛДЕНГЕН ҰЛТ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Автор:jsk.kz

Окт 17, 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітаппен кемелденген ұлт» атты дөңгелек үстел өтті.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өткен басқосуда алғашқы болып сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірде аталған жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қалқаман Сарин кітаптың адам дүниетанымын кеңейтудегі, ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірудегі маңызы туралы ой қозғады. Сондай-ақ, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру, оқырман талғамын қалыптастыру және кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру мәселелеріне тоқталды.

Іс-шараға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, кітапхана басшылары мен студенттер қатысты. Дөңгелек үстелді Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым жүргізіп отырды.

Ашық пікір алмасу барысында зиялы қауым өкілдері оқу мәдениетін дамыту, қала мен ауыл жастарын ортақ рухани құндылықтар төңірегіне біріктіру және зерделі ұрпақ тәрбиелеу жайында пікірлерін білдірді. Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова «Кітап оқитын ұлт» жобасының ұлттың зияткерлік әлеуетін арттырудағы маңызы туралы мазмұнды ой қозғады. Кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыру, жастардың саналы таңдау жасап, терең ойлауына жол ашу – жобаның басты мұраты екенін атап өтті. Әр буынның ойын тоғыстырған кездесу — кітапқа құрметті арттырып, оқырман қалыптастыруға қоғам болып атсалысудың маңызын айқындады.

Түркістан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: jsk.kz