• 29.05.2026 20:45

Түркістанда «Senat Open» ІІІ ашық кубогының іріктеу кезеңі өтті

Автор:admin

Май 29, 2026

Түркістан қаласында шахматтан «Senat Open» ІІІ ашық кубогының іріктеу кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Зияткерлік дода Түркістан облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және Қазақстан Республикасы Шахмат федерациясының қолдауымен өтті.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, қоғам белсенділері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мәдениет, білім, денсаулық сақтау саласының мамандары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов сөз сөйлеп, қатысушыларды айтулы дода басталуымен құттықтады.
– Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен және Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отырған бұл турнир елімізде шахмат спортын дамытуға үлкен серпін беруде. Шахмат – терең ой мен парасатты талап ететін, адамның интеллектуалдық және шығармашылық қабілетін дамытатын ерекше спорт түрі. Бүгінде ол әлем бойынша ақыл мен стратегиялық ойлаудың символына айналды, – деді мәслихат төрағасы.
Сонымен қатар, жарыстың негізгі мақсаты – шахматты кеңінен насихаттау, жастарды спортқа баулу, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу және елдің зияткерлік әлеуетін арттыру екені атап өтілді.
Тартысты бәсекеде қатысушылар түрлі санаттар бойынша бақ сынап, өзара мықтыларды анықтады. Турнир қорытындысы бойынша командалық ойында Қазығұрт ауданы І орынды иеленсе, Отырар ауданы ІІ орынға, ал Жетісай ауданы ІІІ орынға тұрақтады.
Сондай-ақ депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары, мәдениет саласының қызметкерлері, денсаулық сақтау мамандары, ғылым мен білім саласының өкілдері, ардагерлер, БАҚ қызметкерлері, қоғамдық кеңес мүшелері және әйелдер арасында үздіктер анықталып, арнайы марапатталды.
Турнир аясында Түркістан облысының 17 ауданынан үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға арнайы марапаттар табысталды. Сонымен қатар, белсенді қатысқан 35 үздік шахматшыға сертификаттар берілді.
Жарыстың жабылу салтанатында ұйымдастырушылар қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін алғыс білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады. Айта кетейік, «Senat Open» турнирі үш кезеңнен тұрады. Өңірлік іріктеу кезеңінен үздік шыққан қатысушылар аймақаралық жартылай финалда бақ сынап, жеңімпаздар республикалық финалға жолдама алады.

Түркістан облыстық мәслихаты

Автор: admin