• 23 декабря, 2025 3:31 пп

ТҮРКІСТАНДА  2025 ЖЫЛЫ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРАТ БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІНІҢ САНЫ АРТТЫ: ЖЕКЕ КӘСІПТІ ДАМЫТУҒА ИДЕЯ

Автор:admin

Дек 19, 2025

Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан кейінгі соңғы жылдары өңірдің ғана емес, бүкіл ел аумағының әлеуметтік-экономикалық орталығына айналып келе жатқан, өзге өңірлермен салыстырғанда бюджеті көп стратегиялық аймаққа айналды. Қала құрылысының жылдам аяқталып, қалаға республиканың түкпір-түкпірінен ғана емес, көршілес түркі мемлекеттерінен де туристердің ағылуы инфрақұрылымның жылдам дамуына оң әсер етті.

 

2025 жылы Түркістанда кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған кейбір маңызды шаралардың көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір өскені байқалады. Оның дәлелі ретінде төмендегі статистикалық өсім тенденцияларына тоқталмақпыз. Мұны Ұлттық статистика мамандары бізге осылай жеткізді.

Біріншіден, кәсіпкерлік субъектілерінің санының өсімі: Түркістан облысында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік (ШОБ) субъектілерінің саны аймақ статистикасында артты. 2025 жылдың алғашқы жартысында ШОБ-тың заңды тұлғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға өскен.

Екіншіден, қалаға инвестиция тарту көлемінің артуы: 2023 жылы Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 972 миллиард теңге болды. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 126,1% (+26,1%) өсім бар дегенді білдіреді. Бұл — инвесторлардың өңірге деген қызығушылығының артып келе жатқанының көрсеткіші ғана емес, кәсіпкерлікке мемлекет пен жергілікті билік тарапынан қолдау жасалып жатқанын айқын етер маңызды фактор.

Үшіншіден, өнеркәсіп өндірісінің көлемі: Түркістан облысында 2025 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 13,5%-ға өскен. Оған әсер еткен негізгі қозғаушы күш-кәсіпкерлік белсенділіктің артуы және өңдеу өнеркәсібінің кеңеюі.

 

Осы шақта Түркістандағы 350-ге жуық жобаға әкімдіктің тікелей қолдауы бар. Бұл жөнінде қаладағы осы салаға жауапты басшылық құрам былай дейді:

«Түркістан облысында әкімдіктің сүйемелдеуімен шамамен 343–350 жоба іске асырылып отыр. Сол арқылы жаңа өндіріс орындарының ашылуы-жергілікті кәсіпкерлікке үлкен серпін бермек. Дегенмен кәсіпкерлікті жүйелі және тұрақты дамыту үшін нақты бағыттар мен қолдау тетіктерін күшейту аса маңызды».

 

Жоғарыдағы мәліметтерге сүйеніп, біздің редакция «Түркістан қаласының географиялық орны шағын және орта бизнесті кеңейтуге қолайлы ма?» деген сауалға жауап іздеп көрді.

Бірінші маңызды дәлел — қаланың Орталық Азия елдеріне жақын орналасуы, халықаралық жолдардың түйісуі, жыл сайын өсіп жатқан туристер легі кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарды ашуға мүмкіндік береді. Әсіресе қонақ үй бизнесі, қоғамдық тамақтану орындары, қолөнер және ұлттық бұйымдар өндірісі айтарлықтай дамып келеді. Жергілікті шеберлердің қолынан шыққан кілем, зергерлік бұйымдар, ағаш және теріден жасалған ұлттық өнімдер шетелдік туристер арасында сұранысқа ие бола алады.

Екінші дәлел — Түркістанда индустриялық аймақтардың құрылуы. Бұл аймақтар өндірістік кәсіпорындарға арналған жаңа мүмкіндіктер алаңы бола алды. Инженерлік коммуникациялар, жол және логистикалық инфрақұрылым толық қамтамасыз етілгендіктен, кәсіпкерлер үшін бастапқы шығындар азаяды. Яғни Түркістанда өндірушілер арасында құрылыс материалдары, азық-түлік өңдеу, жиһаз жасау және жеңіл өнеркәсіп бағыттарын жаңаша түрде ашуға болады. Мұндай нысандардың көбеюі өңір экономикасын әртараптандырып, өсім беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Үшінші дәлел — Түркістан кәсіпкерлері үшін туризм саласы ең тиімді бағыттардың бірі болуға әбден лайық. Қаланың тарихи-мәдени нысандарының қайта қалпына келтірілуі, археологиялық ескерткіштердің жекелей мұражайларға айналуы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихи маңызы, жаңа әуежай мен заманауи қонақ үйлердің салынуы туристік ағынның бұрынғы жылдармен салыстырғанда жыл сайын артуына ықпал еткені рас. Туризмнің дамуы қызмет көрсету саласы бәсекелестігін арттырып, кеңеюіне жол ашады. Мәселен, көрші Өзбекстандағы Хиуа, Қоқан, Бұхара қалаларындағы қонақжайлылық мәдениеті туризмге үлкен үлес қосып отыр. Сол секілді Түркістанда да гидтер даярлау мектептерін ашу, ұлттық тағамдар мейрамханаларында қызмет жасайтын мамандарды оқыту, этноауылдар құру, этно элементтері бар қонақ үйлер санын арттыру-кәсіпкерлер үшін жаңа табысты бағыттар болмақ.

 

Қаладағы кәсіпкерлікті қолдаудың тағы бір маңызды тетігі-мемлекеттік бағдарламалар. «Бизнестің жол картасы», «Ауыл — ел бесігі», «Қарапайым заттар экономикасы» секілді жобалар аясында кәсіпкерлер жеңілдетілген несие, гранттар мен субсидия алу мүмкіндігіне ие. Бұл шағын бизнес өкілдеріне өз ісін кеңейтуге, жаңа технологиялар енгізуге көмектесе алады.

 

Мақаланың тобықтай түйінін жасамас бұрын аса маңызды мәселеге тоқталмақпыз-жастар кәсіпкерлігін дамыту. Жастардың жеке кәсіпке көптеп келуі өңірдің болашағы үшін қазіргі таңда да, келешекте де өте маңызды бағыт болып қала береді. Қазір Түркістандағы университеттер мен колледждерде бизнес-инкубаторлар ашылып, жастардың заманауи әрі озық стартаптарына жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетіле бастады.

 

«Тарқатылған ойдың бір түйіні бар» демекші, Түркістан қаласында отандық кәсіпкерлікті дамытуға барлық алғышарттар мен мүмкіндіктер бар. Оған нарықтың кеңеюі, сұраныстың толастамауы, инфрақұрылымның жаңаруы, мемлекеттік қолдау бағдарламалары және жоғары туристік әлеует әсер етеді. Алдағы жылдары қаланың экономикалық өсімінің негізгі драйвері де дәл осы шағын және орта бизнес болары даусыз. Тек мемлекет пен жергілікті бақылау органдары кәсіпкерлердің бастамасын қолдау, инновацияны ынталандыру және жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін назардан тыс қалдырмаса екен.

 

JSK Enter Media

Автор: admin