• 11 января, 2026 9:44 пп

ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ САҚТАУ ЖӘНЕ КӨПМӘДЕНИЕТТІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Автор:admin

Дек 22, 2025

Қазақстанның рухани орталығы саналатын Түркістан – ұлттық мәдениетті сақтаудың, жаңғыртудың және оны әлемдік мәдени кеңістікпен үйлестірудің жарқын үлгісі рөлін өзіне мықтап алғандай. Қала бүгінде тек тарихи шежірені сақтап тұрған көне мекен ғана емес, түрлі мәдениеттердің басын қосқан халықаралық диалог орталығына айналды. Мұнда ұлттық дәстүрлер мен заманауи өнер, рухани сабақтастық пен мәдени дипломатия қабаттасып, ерекше синергия қалыптастырып отыр

Ұлттық мәдениетті сақтаудың табиғи ортасы ретінде Түркістан: Түркістанның мыңжылдық мәдени тарихы – қазақ руханиятының алтын қазығы. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы, түркілік жазба мәдениеті, Отырар және Күлтөбе өркениеттері – ұлттық мәдени кодты сақтаудың іргетасы. Қалада жүргізілген реставрациялық жұмыстар, археологиялық зерттеулер және тарихи нысандарды жаңғырту ұлттық мұраның көрнекі түрде сақталуына мүмкіндік берді. Тұрғындар мен жастар арасында өткізілетін «Ұлы дала мұрасы», «Ясауи жолы», «Түркі өркениеті апталығы» сияқты бағдарламалар ұлттық өнерді, тілді, дәстүрлі қолөнерді, салт-дәстүрді заманауи форматта танытуда. Бұл шаралар мәдениетті сақтаудың пассивті емес, белсенді түрін қалыптастырып, қоғамның мәдени жауапкершілігін арттырады.

 

Түркістан – мәдениеттер тоғысқан көпжақты диалог алаңы

 

Қалада соңғы жылдары мәдени дипломатия ерекше дамып, Түркістан халықаралық байланыстың мәдени хабы ретінде қалыптасты. Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден келетін делегациялар қаланы мәдени ынтымақтастық орталығы ретінде мойындайтыны байқалады.

 

Халықаралық фестивальдер – «Түркі әлемі мәдениеті», «Ясауи оқулары», «KAZANART TURKISTAN» — Түркістанның диалогтық рөлін күшейтіп, әртүрлі ұлттардың өнері мен дәстүрін ортақ алаңда тоғыстырады. Бұл процесте ұлттық мәдениет жоғалып кетпейді, керісінше, жаңа мағыналармен толықтырылып, сыртқы аудиторияға жаңа қырынан көрсетіледі.

 

Ұлттық мәдени мұраны заманауи өнермен үйлестіру

 

Түркістан мәдениетінің ерекшелігі – дәстүр мен жаңашылдықтың бірлестігі. Бұл үрдіс бірнеше бағытта көрініс табады: қолөнер шеберханалары мен этнодизайн орталықтары ұлттық ою-өрнекті заманауи сән индустриясында қолдануға мүмкіндік береді; жас суретшілер мен мүсіншілердің арт-резиденциялары түркі философиясы мен қазақ мифологиясын жаңа интерпретацияда көрсетеді; театрлық қойылымдар мен мультимедиялық шоу бағдарламалар тарихи оқиғаларды цифрлық форматта жеткізеді.

 

Осылайша, ұлттық мәдениет тек мұра ретінде ғана сақталмайды, ол заманауи тілде сөйлейтін динамикалық өнерге айналады.

 

Түркістандағы көпмәдениетті қоғам: бірлік пен сыйластық тәжірибесі

 

Қалада қазақтармен бірге өзбек, орыс, тәжіктен бастап, түрік пен татарға дейін ондаған этнос өкілі өмір сүреді. Бұл этностардың мәдениетіне құрмет көрсету – Түркістандағы әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторы. Этномәдени орталықтардың ашылуы, ұлттық тағам фестивальдері, отбасылық мәдениет күндері – әртүрлі этностардың өз мәдениетін танытуына мүмкіндік беріп, өзара сыйластық пен сенімді нығайтады. Көпұлтты диалогтың нәтижесінде қалада «ортақ мәдени кеңістік» қалыптасып, әр этностың мәдени үлесі Түркістанның рухани келбетінің бір бөлігіне айнлағаны күмәнсіз.

 

Болашақтағы мәдени ынтымақтастықтың әлеуеті

 

Түркістандағы мәдени диалогтың болашағы үш негізгі бағытта дамуы мүмкін: Халықаралық мәдени кластер құру – өнер орталықтары, ғылыми-зерттеу институттары және туристік инфрақұрылымды бір арнаға тоғыстыру. Жас мәдениет елшілерін тәрбиелеу – қаланың оқу орындары мен жастар ұйымдарын әлемдік мәдени жобаға тарту. Цифрлық мәдени платформа – Түркі әлемінің сандық мұражайы, виртуалды көрмелер, онлайн фестивальдер арқылы мәдениет алмасуды кеңейту. Бұл бағыттар Түркістанды Орталық Азиядағы ең ықпалды мәдени дипломатия орталықтарының біріне айналдыра алады.

 

Иә, Түркістан – ұлттық мәдениетті сақтап қана қоймай, оны халықаралық деңгейде таныстырудың тиімді алаңына айналып үлгерген қала. Мұнда мәдени мұра мен заманауи өнер, этностар арасындағы диалог пен рухани сабақтастық тоғысып, Қазақстанның көпмәдениетті бейнесін жаңа деңгейде көрсетіп отыр.

 

Иә, Түркістан тәжірибесі – ұлттық мәдениетті қорғаудың да, әлемдік мәдениетпен үйлесімді ынтымақтастық орнатудың да озық моделіне айналған бірегей үлгі. Бағзыдан келе жатқан ұлысаралық достық, мәдени байланыс, бірлік еш мұқалмастан жаңа заманға бейімделіп, тұрғындардың рухани жадына сіңіп кеткені расымен де ғанибет емес пе?!

JSK Enter Media

Автор: admin