• 28.07.2026 14:12

Түркістан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабарлайды

Автор:jsk.kz

Июл 28, 2026

Ішкі сауда субъектілері мен сауда объектілеріне қойылатын негізгі талаптар

Түркістан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ішкі сауда субъектілерінің назарын Қазақстан Республикасының ішкі сауда саласындағы заңнама талаптарына аударады.

Қолданыстағы Ішкі сауда қағидаларына сәйкес ішкі сауда субъектілері өз қызметін заң талаптарына сәйкес ұйымдастыруға, тұтынушылардың құқықтарын сақтауға және сауда қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптардың сақталуы сауда саласында әділ бәсекелестікті қалыптастыруға, отандық өнімді қолдауға және халыққа сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.

Ішкі сауда субъектілеріне тауарларды көтерме және бөлшек сауда арқылы өткізумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар жатады. Ал ішкі сауда объектілеріне дүкендер, супермаркеттер, гипермаркеттер, сауда үйлері, сауда орталықтары, базарлар, павильондар, дүңгіршектер, қоғамдық тамақтандыру орындары және өзге де сауда объектілері кіреді.

Заңнамаға сәйкес кәсіпкер сатылатын тауарлардың ассортиментін, жұмыс режимін және бағасын дербес айқындай алады. Алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша баға белгілеу кезінде қолданыстағы заңнамада көзделген шекті сауда үстемесін сақтауға міндетті.

Сауда объектілерінде сатып алушыларға тауар туралы толық әрі шынайы ақпарат қолжетімді болуы тиіс. Баға көрсеткіштері анық әрі түсінікті рәсімделіп, сатып алушыға тауар дәл баға жапсырмасында көрсетілген бағамен сатылуы қажет. Сонымен қатар әрбір сатып алу кезінде тұтынушыға кассалық немесе тауарлық чек берілуі міндетті.

Заңнама талаптарына сәйкес сауда объектілерінде ақпараттық маңдайшалар, көрсеткіштер, баға белгілері, мәзірлер және басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және басқа тілдерде орналастырылуы тиіс. Бұл тұтынушылардың қажетті ақпаратты еркін алуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қолданыстағы қағидаларда отандық өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударылған. Бірінші, екінші, үшінші және төртінші санаттағы сауда объектілерінде Қазақстанда өндірілген азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар арнайы «Қазақстанда жасалған» белгісімен ерекшеленіп, сатып алушыларға жақсы көрінетін және қолжетімді орындарға орналастырылуы қажет. Сонымен қатар азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға арналған сауда алаңының немесе сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызы отандық өнімдерге бөлінуі тиіс. Бұл талап отандық өндірушілердің өнімдерін нарықта ілгерілетуге және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Ішкі сауда субъектілері санитариялық-эпидемиологиялық, өрт қауіпсіздігі және техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтауға міндетті. Азық-түлік өнімдерін өткізу кезінде оларды сақтау, тасымалдау және өткізу шарттары санитариялық қағидаларға сәйкес ұйымдастырылуы тиіс. Ал азық-түлік өнімдерін сатумен айналысатын қызметкерлер міндетті медициналық қарап-тексеруден уақытылы өтуі қажет.

Бұдан бөлек, сауда объектілерінде бақылау-касса машиналарын қолдану, тауарлардың ұлттық каталогын пайдалану, өлшеу құралдарының жарамдылығын қамтамасыз ету және сатып алушылардың құқықтарын сақтау міндетті талаптардың бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тұтынушылардың сауда объектілерінде фото және бейнетүсірілім жүргізуіне шектеу қоюға жол берілмейді.

Түркістан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті кәсіпкерлік субъектілерін ішкі сауда саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Заң талаптарын орындау тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, сауда қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, отандық өндірушілерді қолдауға және елімізде адал бәсекелестікті дамытуға ықпал етеді.

Автор: jsk.kz