• 16 января, 2026 11:25 дп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ 5 МЫҢҒА ЖУЫҚ АЗАМАТ АЛДЫНДАҒЫ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫ ӨНДІРІЛДІ

Автор:admin

Янв 16, 2026

Түркістан облысында өткен жылы 6 кәсіпорында 4 890 қызметкер алдындағы 454,7 млн теңге көлемінде жалақы қарызы анықталған. Бұл қарыздар өткен жылдың қорытындысымен толық өндірілді. Сондай-ақ, қазіргі таңда 1 мекеменің 101,2 млн теңге жалақы қарызы бойынша мекеме басшысына нұсқамалар беріліп, әкімшілік шаралар қолданылған. Бұл жайында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Амангелді Әліш БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша департаментке 2 958 азаматтың арыз-шағымы тіркелген. Оның 2 073-і қаралып, 350 тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 746 заң бұзушылық анықталды. Осы бойынша мекемелерге 35,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 31,5 млн теңгесі өндірілді. Келіп түскен арыз-шағымдардың 67%-ы мемлекеттік органдарға қатысты түссе, 33%-ы жеке сектордан түскен. Шағымдардың 68%-ы білім беру саласына, 12%-ы денсаулық сақтау саласына тиесілі. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелерге түскен арыз-шағым 8%-ды құраса, әлеуметтік сала 2%, өзге салалар 10%-ды құрап отыр» — деді департамент басшысы.

Сонымен қатар, 2025 жылдың қорытындысында өндірістік жарақат орын алуына байланысты 104 хабарлама келіп түскен. Департамент тарапынан анықтау жұмыстары жүргізіліп, еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға ретінде тергеп-тексеруге жатпауына байланысты 48 хабарлама бақылаудан алынып тасталған. Есепті мерзімде, 50 өндірістік жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 57 адам зардап шексе, 8 адам қайтыс болған.

Автор: admin