• 24 декабря, 2025 1:01 пп

Түркі әлемінің саяси перспективасы және Түркістанның келешегі

Автор:admin

Дек 24, 2025

Мақалаға мән болсын, әуелі Ассамблеяның құрылуына негіз болған тарихи қажеттіліктерді ескере кетейік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері өмір сүрді дейді көп дерек көздері. Маңыздысы ол емес, сол кезеңде елдің тыныштығын сақтау үшін халықты бірыңғай идеяға топтастыру қажет болды. Міне, осы мақсатта құрылған Ассамблея елдегі татулықтың тұрақты факторы ретінде қалыптасты. Оның жұмысы түркі халықтарының дәстүрлі кеңес құру мәдениетіне ұқсайды: әр этнос өзінің пікірін ашық білдіріп, қоғамдағы ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік алады.

 

2007 жылы Ассамблеяға Парламент Мәжілісіне депутат сайлау құқығы берілді. Бұл – барлық этностардың мемлекеттік басқару ісіне тікелей қатысуына жол ашқан тарихи шешім. Мұндай қадам Қазақстанның этносаралық саясатта ашықтық пен әділет қағидасын ұстанатынын көрсетті. Бұл тәжірибе түркі халықтары арасындағы «ақсақалдар кеңесі» дәстүрінің заманауи жалғасы іспетті.

 

Бүгінгі Түркістан облысы – еліміздегі этномәдени өмірдің ерекше тоғысқан аймағы. Мұнда өзбек, қырғыз, түрік, татар, әзербайжан, қарақалпақ және басқа да түркі тектес этностар қазақ халқымен тату-тәтті өмір сүріп келеді. Құрылған Қоғамдық келісім үйлері этностарды бірлестіруге арналған мәдени орталық ретінде қызмет атқарады. Мұндағы іс-шаралар жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, ұлттық дәстүрлерді сақтауға, диалог мәдениетін дамытуға бағытталған.

 

Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, этносаралық келісімді сақтауға бағытталған ұйымдар бар болғанымен, олардың көпшілігі тек кеңесші немесе үйлестіруші деңгейде жұмыс істейді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекшелігі – оның саяси салмағы мен нақты өкілеттіктерінің болуы. Бұл қадам елдегі этностық топтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтерді.

 

Түркістанның дипломатиялық және символдық рөлі де маңызды: ол халықаралық форумдар мен саммиттердің өткізілу алаңы ретінде түркі елдері арасындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтады. Қаладағы саммиттер мен декларациялар (мысалы, 2021 жылғы Түркістан декларациясы) ұйымдар арасында ортақ визияны қалыптастыруға үлес қосады.

 

Түркі әлеміндегі Түркістанның келешегіне болашақ саяси болжамдар легін біріктіріп, дерек пен дәйектер жинадық, ұзын-қысқасы осы:

Қысқа мерзім (5–10 жыл): Түркі Мемлекеттері Ұйымы экономикалық жобалар мен жастар бастамаларын іске қосып, ортақ мәдени-ғылыми алмасуды дамытады. Түркістан қаласы рухани және дипломатиялық хабке айналады.

Орта мерзім (10–20 жыл): Түркі ұйымдары халықаралық аренада ықпалды серіктеске айналып, Түркістан орталық дипломатиялық алаң ретінде қалыптасады.

Ұзақ мерзім (20+ жыл): Түркі Мемлекеттері Ұйымы жаһандық деңгейде ықпалды саяси және экономикалық блокқа айналып, Түркістан әлемдік мәдени және ғылыми хаб болады.

 

Жоғарда айтылған жайттарға сүйеніп, жанай өтуге болмас қауіптерді де ескерген жөн: саяси әртүрлілік, экономикалық теңсіздік, ішкі тұрақсыздық, тілдік және мәдени айырмашылықтар, халықаралық бәсекелестік. Дегенмен, біртұтас стратегия мен ынтымақтастық арқылы Түркістан мен Түркі әлемі тұрақтылық пен келісімнің үлгісіне айналуы мүмкін. Түркі жұртының болашағы – ортақ мүдде жолында бірігуінде, ал Түркістан бұл процестің жүрегі болмақ.

 

JSK Enter Media

Автор: admin