Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еңбек адамы – елдің тірегі, қоғамның рухын көтеретін шынайы қаһармандар».
Адам денсаулығын жақсартып, қоғамға сапалы медициналық қызмет көрсету – үлкен жауапкершілік. Сол жауапкершілікті адал атқарып жүрген еңбек адамдарының қатарында Зиядаев Сәкен Бекжанұлы да бар. Ол – аудандық орталық аурухананың білікті тіс дәрігері, өз ісіне берілген жас маман.
Сәкен Бекжанұлы 1995 жылы 25 қаңтарда дүниеге келген. 2002 жылы Сыдық Ысмайылов атындағы мектеп табалдырығын аттап, 2013 жылы осы білім ордасын тәмамдаған соң медицина жолын таңдайды. Арман жетегінде жүріп, Авиценна медицина колледжінде «Стоматология» мамандығы бойынша білім алып, кәсіби біліктілігін шыңдайды.
2020 жылдан бері аудандық орталық ауруханада қызмет атқарып келе жатқан жас маман қысқа мерзім ішінде өз ісінің шебері ретінде танылды. Тиянақтылығы, жауапкершілігі және әрбір пациентке жанашырлықпен қарауы – оның ең басты ерекшелігі. Сәкен Бекжанұлының айтуынша, тіс саулығы – жалпы ағзаның айнасы. Дер кезінде емдетілмеген тіс инфекциясы жүрекке, асқазанға, бүйрекке әсер етуі мүмкін. Осыны ескерген ол халықтың медициналық сауаттылығын арттыру бағытында тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
– Адамдар көбіне тісі ауырмайынша стоматологқа бармайды. Бірақ ауру асқынған кезде оның зардабы бүкіл ағзаға таралады. Сондықтан жылына кемінде бір рет тіс дәрігеріне қаралу – әр азаматтың денсаулығына жасаған үлкен қамқорлығы, – дейді еңбекқор дәрігер.
Қызметіне адалдығы мен адамға деген жанашырлығы – Сәкен Бекжанұлының нағыз еңбек адамы екенін айқындайды. Ол күнделікті жұмыста тек емдеу емес, алдын алу шараларын күшейтіп, тұрғындарға сапалы медициналық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Елдің саулығы – еңбек адамдарының қажырлы қызметіне тікелей байланысты. Осындай мамандардың үздіксіз еңбегі қоғам денсаулығын жақсартуға, сапалы өмір салтын қалыптастыруға жол ашады.
Халықтың алғысына бөленіп, мамандығын жан-тәнімен сүйетін жас дәрігерлер – еліміздің жарқын болашағының сенімді тірегі. Тіс дәрігері Сәкен Бекжанұлы – сол еңбек майданында абыроймен қызмет етіп жүрген тұлға.
Сонымен бірге Сәкен Бекжанұлы жастарға да үлгі бола білді. Ол тәжірибе алмасу, жаңа әдістерді меңгеру, заманауи стоматологиялық құрал-жабдықтарды дұрыс пайдалану бағытында үнемі ізденіп отырады. Білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейін көтеруге деген талпынысы – оның еңбекке деген құрметі мен жауапкершілігінің көрінісі.
Jsk ақпараттық агенттігі.
