• 2 декабря, 2025 2:49 пп

Толық циклді жоба: Түркістан облысында мақта өсіруден бастап киім дайындауға дейінгі ауқымды кластер құрылады

Автор:admin

Дек 2, 2025

 

📌 Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында Түркістан облысында шитті мақтаны өсіру және терең өңдеу бойынша инвестициялар туралы келісім жасауды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

✅ Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді.

🌱 Жобаның мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарлануда. 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады.

📊 Инвестор – қытайлық Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясы. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде 58 млрд теңгеден астам инвестиция көзделген, шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады, бұл туралы бұрын Премьер-министр Олжас Бектенов пен Xinjiang Lihua басшысы Чжан Цихайдың келіссөздері барысында уағдаластықтарға қол жеткізілген болатын.

🏗 Бұрын соңды мұндай ауқымда қолданылмаған технологиялық шешімдерді енгізу көзделуде: тамшылатып суарудың тиімділігі жоғары жүйесі бар 196 сорғы стансасын, 500 шақырымнан астам суару және тарату арналарын, үш ірі сорғы кешенін және үш трансформаторлық қосалқы стансаны, тыңайтқыштарды интеграцияланған әдіспен беру жүйесін, сондай-ақ әлемдік жетекші өндірушілердің заманауи ауыл шаруашылығы техникасын – жоғары қуатты тракторларды, мақта жинау машиналарын, бүріккіштер және мамандандырылған құрылыс техникасын пайдалану.

🧵 Сонымен қатар кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу және тамшылатып суаруға арналған құрал мен иілгіш құбырларды шығару бойынша желі құрылады, бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және мақта өсіруден бастап иірілген жіп, маталар мен киімдерді шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда жыл сайын 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортталады.

📈  Жобаны жүзеге асыру ел ішінде терең қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға, қосылған құны жоғары дайын тоқыма өнімдерін шығаруды кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл тұтастай алғанда отандық тоқыма өнеркәсібінің өндірістік базасын нығайтады, экспорттық әлеуетті арттырады, сондай-ақ шағын және орта бизнесті – логистиканы, техниканы жөндеуді және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту үшін драйвер болады.

ℹ️ Анықтама: 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мақта дәстүрлі түрде отандық мақта өсіру орталығы болып саналатын Түркістан облысының егіс алқаптарының 15,9%-ын алып жатыр. Биыл 144,5 мың гектар алқапқа дақыл егілді, оның ішінде 50 мың га – тамшылатып суаруды қолдану арқылы. 

2025 жылы орташа өнімділігі 29,6 ц/га болатын 428 мың тонна шитті мақта жиналды – бұл соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұндай жетістікке суды үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу, және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыруды қамтамасыз етудің нәтижесінде қол жеткізілді.

📱 @KZgovernment

Автор: admin