Ордабасы ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдардың тиімділігін арттыру мақсатында кең ауқымды түсіндіру жиналысы өткізілді. Жиналысты аудан әкімі аппаратының басшысы Кадиев Жуманалы ұйымдастырып, оған ауыл округ әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне шалдыққан лауазымды тұлғалар қатысты.
Жиналыстың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, ресми мінез-құлық және іскерлік әдеп қағидаларын сақтау, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті арттыру болды. Шара барысында қатысушыларға ойын мекемелеріне барудан тартыну, әріптестерге өз діни нанымдарын таңбау және қол астындағы қызметкерлерді діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу мәселелері түсіндірілді.
Жиналыстың негізгі мәселелері: Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне шалдыққан мемлекеттік қызметшілермен құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқық бұзушылық жасаған жағдайда қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтың нақты түсіндірілуі,
мемлекеттік қызметшілердің кәсіби этикасын, іскерлік мінез-құлық нормаларын сақтау, қоғамдағы сенімділікті сақтау және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидаларын нығайту.
Жиналыс барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың мемлекетке, қоғамға және жеке тұлғаның беделіне тигізетін теріс әсерлері жайлы нақты мысалдар келтіріліп, заң аясындағы жауапкершілік түсіндірілді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің әрбір әрекеті қоғам алдындағы сенімділікті сақтауға және әділдік қағидаларын ұстануға бағытталғаны айтылды.
Мамандардың пікірінше, осындай кездесулер мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға, әділдік пен ашықтықты насихаттауға септігін тигізеді. Жиналыс соңында қатысушылар белсенділік танытып, өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – қоғамның сенімділігі мен мемлекеттік қызметтің адалдығын қамтамасыз етудің кепілі.
Әр қызметкер өз іс-әрекетінде әділдік пен адалдық қағидаларын ұстана отырып, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруы қажет.
Jsk ақпараттық агенттігі
