• 27.04.2026 22:29

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТТАҒЫ ЖАҢА БАҒДАРЛАР МЕН БАСЫМ БАҒЫТТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Автор:admin

Апр 27, 2026

Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа бағдарламалық құжатын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары өкілдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарламалық құжаттың мазмұнын жан-жақты талқылау, ұсыныс-пікірлерді жинақтау және тиімді шешімдер қабылдауға негіз қалыптастыру.
Кездесу барысында 2022–2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының іске асырылу барысы қорытындыланды. Қатысушылар қол жеткізілген нәтижелерді саралап, алдағы кезеңге арналған жаңа саясаттың басым бағыттарын айқындауға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
Талқылау барысында бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тәсілдерін жаңғырту, қоғамда заң бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын орнықтыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, «тұрмыстық жемқорлық» ұғымын заңнамалық деңгейде нақтылау, квазимемлекеттік сектордағы комплаенс-қызметтердің тиімділігін арттыру, қолданыстағы заңнамадағы құқықтық нормаларға ревизия жүргізу мәселелері де күн тәртібінде болды.
Жиында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбековтің айтуынша, биыл 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асырудың қорытынды кезеңі болып табылады. Осыған байланысты алдағы кезеңге арналған жаңа стратегиялық құжат әзірленіп жатыр.
Оның сөзінше, жаңа құжатта бес негізгі бағыт айқын. Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті трансформациялау арқылы қоғамда заң бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қалыптастыру көзделуде. Бұл бағыт тәрбиеден, қоғамдық сана мен құндылықтар жүйесінен бастау алады. Екіншіден, салаға жасанды интеллект пен цифрландыру мүмкіндіктерін кеңінен енгізу жоспарланып отыр. Үшіншіден, комплаенс институтын дамыту, комплаенс-офицерлердің қызметін жетілдіру және олардың құқықтық негіздерін нығайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Төртіншіден, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында құқықтық актілерге кешенді талдау жасап, қажет болған жағдайда қайта қарау көзделген. Бесіншіден, алдын алу шараларын күшейту арқылы жүйелі әрі тиімді тетіктер қалыптастыру ұсынылды.
— Биыл қолданыстағы тұжырымдаманы іске асырудың қорытынды жылы. Сондықтан келесі кезеңге арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа бағытын айқындау мақсатында осындай кездесу ұйымдастырып отырмыз. Қоғам белсенділері, депутаттар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бизнес өкілдері мен заңгер ғалымдардың ұсыныстары жаңа құжатты әзірлеуде маңызды рөл атқарады, — деді Қанат Қадырбеков.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер жинақталып, жаңа бағдарламалық құжатты жетілдіру барысында ескерілетін болды.
Жалпы, мұндай ашық форматтағы талқылаулар мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған нақты қадамдарды айқындауға мүмкіндік береді.

Автор: admin