• 14 декабря, 2025 7:28 пп

СОЗАҚ ЖАСТАРЫ СПОРТТА

Автор:admin

Ноя 27, 2025

Созақ ауданы соңғы жылдары әлеуметтік және экономикалық саламен қатар, спорт және дене шынықтыру инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріп келеді. Жергілікті билік жастардың денсаулығын нығайту, бұқаралық спортты өркендету және ауыл тұрғындарына заманауи спорттық алаңдар ұсыну бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Аудан орталығы мен ауылдық елді мекендерде бой көтерген жаңа спорттық нысандар мен дене шынықтыру алаңдары тұрғындардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға елеулі үлес қосуда. Бұл тек денсаулықты жақсартып қана қоймай, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, спорттық жарыстарға қатысуға ынталандырып, ауылдық қауымдастықты біріктіруге септігін тигізеді.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі  Дүйсенбек Жұмаділаұлы атындағы жабық үлгідегі кіші футбол алаңының ашылуы болды. Алаң толықтай заманауи талаптарға сай салынған, жасанды жасыл төсеніш, жарықтандыру және қауіпсіздік қоршаулары орнатылған. Жабық форматта салынғандықтан, ауа райының қолайсыздығына қарамастан жаттығулар жалғасады. Бұл әсіресе жастар үшін өте маңызды, өйткені алаң олардың спортқа деген қызығушылығын арттырады, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, спорт алаңының жастар үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. «Жастардың спортпен шұғылдануы тек жеке денсаулығын нығайту ғана емес, ел болашағын қалыптастырудағы маңызды фактор. Біз ауданда спорт инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартып, жаңа нысандар ашып келеміз», — деді әкім. Сонымен қатар, жобаға қолдау көрсеткен «Global Brok» компаниясының директоры Данияр Тоқбаевқа алғыс білдірді. Алаңның жалпы аумағы 1250 шаршы метрді құрайды және барлық қажетті инфрақұрылықпен қамтамасыз етілген.

Ашылу рәсімінде аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов сөз сөйлеп, спорт саласындағы жаңалықтардың ауыл өміріне серпін беретінін айтты. Олар жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жол ашатын алаңдардың тұрғындар үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Ашылудан кейін ересектер арасында кіші футболдан турнир ұйымдастырылып, 12 команда өзара жарысты. Бұл шара жаңа алаңның алғашқы ресми іс-шарасы ретінде есте қалды.

Созақ өңіріндегі спорт саласындағы жаңалық мұнымен ғана шектелмейді.  Аудан тұрғындары үшін маңызды тағы бір жаңалық Шолаққорған ауылында заманауи талаптарға сай салынған 200 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің ашылуы болды. Бұл ныснанның ашылуына Түркістан облысының әкімі арнайы келіп көріп, оның маңыздылығын атап өткен еді. Жоба «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған және жалпы аумағы 3 гектардан асады. Кешен бір мезетте 100 спортшыны қабылдай алады.

Шолаққорғандағы кешенде волейбол ойынына арналған кең зал, күрес залы, бокс пен аралас жекпе-жекке арналған жаттығу бөлмелері бар. Ең маңызды ерекшелігі жабық бассейннің болуы. Бұрын Созақ ауданында жүзумен айналысуға мүмкіндік беретін арнайы орын болмағанын ескерсек, бұл нысан ауыл тұрғындары үшін ерекше мәнге ие. Сонымен қатар, кешен аумағы жан-жақты дамытылған: ашық футбол және баскетбол алаңдары, жаттығуға арналған арнайы аймақтар мен демалыс орындары жасалған. Бұл қарапайым тұрғындарға да белсенді өмір салтын ұстануға, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді.

Қозмолдақ ауылында да жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді. Жабық үлгідегі кіші футбол алаңы заманауи төсеніш, жарықтандыру, жылы киім ауыстыру бөлмелері және қауіпсіздік қоршауларымен жабдықталған. Алаңның айналасы абаттандырылып, көгалдандырылды. Республика күні қарсаңында ашылған бұл нысан ауыл жастары үшін ерекше қуаныш сыйлады. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ашылу салтанатында ауыл тұрғындарын құттықтап, осындай нысандар барлық елді мекенде салынатынын жеткізді. «Балалар мен жастардың қуанышы – ел дамуының маңызды белгісі. Біз әр ауылда спорт және ойын алаңдарын салуды жалғастырамыз», — деді әкім.

Жаңа спорт алаңдары мен кешендер тек дене шынықтыру орны ғана емес, әлеуметтік маңызы зор орталыққа айналуда. Олар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне жол ашады. Сонымен қатар, осындай нысандар ауыл тұрғындарының бір-бірімен араласуына, командалық рухтың қалыптасуына мүмкіндік береді.

Созақ ауданында спорт инфрақұрылымын дамыту жүйелі жоспардың бір бөлігі. Алдағы жылдары ауданда осындай заманауи алаңдар мен спорт кешендері көбейіп, бұқаралық спортқа деген қызығушылық арта түсетіні сөзсіз. Жастар дені сау, белсенді болып өсуі, ауылдағы өмір сапасының артуы аудандағы жобалардың ең басты нәтижесі.

Жалпы, соңғы жылдары салынған спорт нысандары  Созақ ауданындағы әлеуметтік даму мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы нақты қадамдардың көрінісі. Бұл жобалар жастардың дене тәрбиесімен шұғылдануына, ауыл тұрғындарының белсенді өмір салтын ұстануына септігін тигізеді. Әрбір нысан тек спорт алаңы ғана емес, жаңа бастамаларға жол ашатын, ауыл өмірін жандандыратын орталыққа айналуда. Созақта спорт саласындағы жұмыстардың жалғасатыны анық, ал қазіргі салынған нысандар сол бағыттағы алғашқы жемісті қадамдардың дәлелі.

 

 

Jsk ақпараттық агенттігі.

Автор: admin