• 19 декабря, 2025 10:32 дп

САРЫАҒАШ: «ҚЫРАН ЕЛІМ – ҚАЗАҚСТАНЫМ!» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

Автор:admin

Дек 19, 2025

Өнер, мәдениет саласындағы қызметтің мерейін арттыра түсетін игі шара ретінде Сарыағаш ауданында «25 қазан – Республика күніне» орай «Қыран елім – Қазақстаным!» атты мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынды аудан әкімі Арман Абдуллаев ашып, жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтады.

— Қазақстанның берекесі мен бірлігі – әр азаматтың туған еліне деген шексіз сүйіспеншілігі мен адал еңбегінің нәтижелі нышаны. Бұл күн – халқымыздың тәуелсіз мемлекет болуға деген тарихи таңдауын айқындайтын, елдігіміздің бастауы болған күн. Бүгінгі таңда,  ұлттық мереке мәртебесін иеленген Республика күнін атап өту – Әділетті Қазақстанның іргесін нығайтуға үлес қосатын әрбір азамат үшін айрықша мәнге ие. Бұл мереке санамызда елдігіміздің символы ретінде жаңғыра түсуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ», – деген болатын. Сондықтан еліміздің кемелдену жолында бірлікті ту етіп, адал еңбектің құндылығын биік қоятын аудан тұрғындары ұлық мерекенің маңызын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттай береді деп сенемін. Қазақстанның тұрақты дамуы мен ұлттық мүддесі жолында әрқайсыңыздың еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деді Арман Абдуллаев.

Мерекелік шараға аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, мекеме және дербес бөлім жетекшілері, сондай-ақ аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс және аудан әкімдерінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Іс-шара аудандық мәдениет үйі дайындаған мерекелік концертпен жалғасып, аудан өнерпаздары көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin