Сарыағаш ауданында Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттау, оның ілімінің ұлттық құндылықтармен сабақтастығын зерделеу мақсатында «Ясауи керуені» аймақтық ғылыми-танымдық семинары өтті.
Семинар жұмысына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ профессорлары мен оқытушылары, теология және дінтану саласының ғалымдары, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шараны «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков жүргізіп, семинардың маңыздылығына тоқталды.
Жиында Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, теология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Бауыржан Сайфунов, университет доценттері Сержан Оразбай мен Мұхит Төлеген баяндама жасап, Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы, ұлттық идентификация, хикметтердегі рухани құндылықтар, сондай-ақ Ясауи ілімінің қазақ салт-дәстүрлерімен сабақтастығы жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Семинар барысында Ясауи мұрасының қазіргі қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы маңызы талқыланып, ғылыми-танымдық бағыттағы пікір алмасу жүргізілді.
